"Бизнестің жол картасы-2025" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидалары
- Осы "Бизнестің жол картасы-2025" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидалары (бұдан әрі – Мемлекеттік гранттар беру қағидалары) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес әзірленді және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар берудің шарттары мен тетігін айқындайды.
- Мемлекеттік гранттар беру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 желтоқсандағы № 968 қаулысымен бекітілген "Бизнестің жол картасы-2025" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Бағдарлама) "Кәсіпкерлерді/индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін салалық қолдау" екінші бағыты шеңберінде жүзеге асырылады.
- Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар Бағдарламаға 2-қосымша сәйкес экономиканың басым секторларында шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлерге, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өтеусіз негізде беріледі.
- Мемлекеттік гранттарды мемлекет Бағдарламаның өңірлік үйлестірушілері арқылы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік гранттар беруге арналған өтінімдерін іріктеу бойынша өткізілетін конкурстардың қорытындылары бойынша береді.
- Гранттар нысанында қолдау шараларын қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Мемлекеттік гранттар беру мақсатында уәкілетті орган республикалық және жергілікті бюджеттерден бөлінетін қаражатты Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісіне аударады.
- Бағдарламаны іске асыру мақсатында бөлінетін қаражаттың кемінде 20 %-ы халықтың әлеуметтiк осал топтарына жататын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар беруге бағытталады.
- Субсидиялаудың ақпараттық жүйесін пайдалану жөніндегі шарттар мен талаптар Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі мен көрсетілетін қызметтерді жеткізуші арасында тиісті шарт жасалғаннан кейін туындайтын қатынастарға қолданылады.
- Осы Қағидалар күшіне енген күні қолданыста болған және субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде тіркелген грант беру туралы шарттар қаржыландыруға жатады. Қолданыстағы грант беру туралы қағаз шарттарды электрондық форматқа аударуды және оларды субсидиялаудың ақпараттық жүйесінде тіркеуді Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі мен көрсетілетін қызметтерді жеткізуші осы Қағидалар күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырады.
- Қаржы агенттігінің көрсетілетін қызметтеріне уәкілетті орган республикалық бюджет қаражаты есебінен ақы төлейді.
Дата публикации
09 марта 2022