Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебаев, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болғаны жөн. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі экономикалық ахуалға қатысты бірқатар нақты міндетке тоқталды.

– Бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажет. Соңғы бес жыл ішінде бюджет тапшылығы 11 триллион теңгеден асып кетті. Сондықтан бюджетті тиімді басқару және оның өлшемдерін неғұрлым дұрыс болжау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет болып қала береді. Қаржы министрлігі былтырғы табыс жоспарын алдын ала төленген осы жылдың салықтары есебінен орындағаны белгілі. 600 миллиард теңге көлемінде қосылған құн салығын қайтару уақытша тоқтатылды. Демек бюджет мәселелері бизнестің айналымдағы қаражаты есебінен шешілді. Әлі шешімін таппаған тағы бір мәселе – бюджетті бөлу тәртібі. Ол экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалады. Үкімет шығыстардың экономикалық пайдасы барынша жоғары болуына баса мән бере отырып, оның нақты басымдықтарын айқындауы керек, – деді Мемлекет басшысы.