GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

logo
Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Қызметі
Онлайн қабылдау
Баспасөз орталығы
Қызметі
Әкім аппараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
25 сентября 2026
Үйге барып қызмет көрсету аясында ерекше қажеттілігі бар 9 мыңнан астам азамат қамтылды

Үйге барып қызмет көрсету аясында ерекше қажеттілігі бар 9 мыңнан астам азамат қамтылды

Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы үшін мемлекеттік қызметтердің баршаға бірдей қолжетімді болуы маңызды. Денсаулық жағдайына байланысты ХҚКО-ға өзі келе алмайтын ерекше қажеттілігі бар жандарға және жүріп-тұруы шектелген тұрғындарға мамандар үйіне барып, тегін қызмет көрсетеді.

2026 жылдың басынан бері Мемлекеттік корпорация мамандары 12 мыңға жуық азаматтың үйіне барып, 9 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Үй жағдайында көрсетілген қызметтердің ішінде сұранысқа ие болғандардың қатарында паспорт пен жеке куәлік беру, электрондық цифрлық қолтаңба рәсімдеу және тұрғын үй көмегін тағайындау бар.

Маманды үйге шақыртып, мемлекеттік қызмет алуға I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, сондай-ақ денсаулық жағдайына байланысты жүріп-тұруы шектелген азаматтар құқылы.

Маман шақыру үшін Мемлекеттік корпорация сайтындағы «Қызметтер» бөлімі арқылы немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, өтінім қалдыру қажет. Бұдан кейін қызметкер азаматтың үйіне барып, қажетті құжаттарды қабылдайды. Дайын болған қызмет нәтижесі көрсетілген мекенжайға тегін жеткізіледі.

Еске сала кетейік, ХҚКО-ға өзі келетін ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін барлық жағдай жасалып, кедергісіз жайлы орта қалыптасқан. Ал кезексіз қызмет алуға құқылы келушілерге арнайы жеңілдік терезелері арқылы жедел қызмет көрсетіледі.

Сонымен қатар, еліміздегі барлық фронт-офистер ыңғайлы пандустармен, көмек шақыру батырмаларымен, көру қабілеті шектеулі жандарға арналған тактильді тақталармен және арнаулы арбалармен қамтылған.

 

16 сентября 2026
ОТБАСЫ ТАТУЛЫҒЫ – ӨЗАРА ТҮСІНІСТІКТЕН БАСТАЛАДЫ

ОТБАСЫ ТАТУЛЫҒЫ – ӨЗАРА ТҮСІНІСТІКТЕН БАСТАЛАДЫ
Қаратөбе ауданында отбасы құндылықтарын дәріптеу, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайту, жанұядағы жауапкершілік пен сабырлылықтың маңызын түсіндіру мақсатында рухани-танымдық кездесу өтті.
«Ізгілік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қайрат Абайұлының ұйымдастыруымен өткен аталмыш іс-шараға бір топ әйел адам қатысты.
Кездесуге арнайы келген Салтанат Ғалымқызы – Үшқоңыр медресе-колледжінің және Нұр-Мүбәрак Египет ислам университетінің түлегі, «Руханият» қоғамдық бірлестігінің теолог маманы С.Ғалымқызы әйелдер қауымымен «Мужадилә» сүресінің тәпсірі тақырыбында әңгіме өрбітті.
Кездесудің негізгі – Құрандағы тағылымдарды отбасылық өмірмен байланыстыра отырып түсіндіру болды.
Салтанат Ғалымқызы ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынаста бір-бірін тыңдау, түсіну, кешіре білу, ашуға берілмей сабыр сақтау және өзара құрмет көрсету секілді құндылықтардың маңыздылығына тоқталды. Отбасындағы әрбір сөз бен әрекеттің ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына әсер ететіні айтылып, мәселені өзара сөйлесу және түсіністік арқылы шешудің маңызы түсіндірілді.
Сонымен қатар отбасыдағы ер мен әйелдің өзара міндеттері, жауапкершілігі, ерлі-зайыптылар арасындағы сенім мен сыйластықтың бала тәрбиесіне ықпалы жөнінде пікір қозғалды. Қатысушылар күнделікті өмірде кездесетін отбасылық мәселелер төңірегінде сұрақтарын қойып, теолог маманнан жауап алды.
Отбасының беріктігі – тек бір шаңырақтың тыныштығы емес, ұрпақ тәрбиесіне тікелей әсер ететін маңызды құндылық. Сондықтан ерлі-зайыптылар арасында түсіністік қалыптастыру, бір-бірінің пікіріне құрметпен қарау, қиындықты бірге еңсеру – отбасылық татулықтың негізгі тіректерінің бірі.
Рухани мазмұндағы мұндай кездесулер әйелдер қауымына діни білімін толықтырумен қатар, отбасы құндылықтарына жаңаша көзқараспен қарауға, өзара сыйластық пен түсіністіктің маңызын терең ұғынуға мүмкіндік береді.

Мәдениет және спорт
16 сентября 2026
Берекелі шаңырақ – ел мерейі

Берекелі шаңырақ – ел мерейі
Қаратөбе ауданында «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық байқауының аудандық кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды.
«Отан – отбасынан басталады» деген тағылымды сөздің мәні тереңде. Отбасы – адам баласының тәрбиесі қалыптасатын, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүр сабақтастығы жалғасатын қасиетті шаңырақ. Берекесі мен бірлігі жарасқан отбасы – елдің тұрақтылығы мен қоғамның тұтастығының негізі.
Осы орайда Отбасы күніне байланысты Шөптікөл мәдени-спорт кешенінде «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық байқауының Қаратөбе ауданы бойынша салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шара барысында отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіне үлгі болу, ұлттық салт-дәстүрді сақтау, береке-бірлікті насихаттау бағытында өнеге көрсетіп жүрген отбасылар көпшілікке таныстырылды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев отбасы мерекесіне орай құттықтауын жеткізіп, байқауға қатысқан жанұяларға ізгі тілегін білдірді.
– Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылық, қоғамның берік негізі. Әрбір шаңырақтағы татулық пен өзара сыйластық, ата-ананың өнегесі мен балаға деген қамқорлық – елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды құндылықтар.
Қазақ халқы үшін отбасы ұғымының орны қашанда ерекше. «Отан – отбасынан басталады» деген тағылымды сөздің мәні де осында. Өйткені бала бойындағы адамгершілік, адалдық, еңбекқорлық, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады.
Біздің ауданымызда да отбасылық құндылықтарды дәріптеу, өнегелі жанұяларды үлгі ету, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Берекелі шаңырақтарымыздың өнегесі – кейінгі ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі, - деген аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев «Мерейлі отбасы-2026» ұлттық байқауының аудандық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады.
Салтанатты жиында биылғы ұлттық байқауға қатысқан отбасыларға арнайы дипломдар мен ынталандыру сыйлықтары табысталып, олардың қоғамдағы отбасы институтын нығайтуға қосып жүрген үлесі атап өтілді.
Аудандық кезең қорытындысы бойынша ІІІ орын Қаракөл ауылдық округінен қатысқан Жанғазиевтер отбасына және Сулыкөл ауылдық округінің атынан шыққан Есімғалиевтер отбасына берілді. ІІ орынға қаратөбелік Сәрсенғалиевтер отбасы лайық деп танылса, І орынды Қоскөл ауылдық округінің абыройын қорғаған Әзербаевтар отбасы иеленді. Байқаудың басты жеңімпазы – Аққозы ауылдық округінен қатысқан Қайрекеновтер отбасы.
Қайрекеновтер әулеті аудандық кезеңде топ жарып қана қоймай, облыстық кезеңде де Қаратөбе ауданының абыройын асқақтатты. Батыс Қазақстан облысы бойынша өткен байқауда отбасы бас жүлдені иеленіп, 1 млн. теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа қол жеткізді. Сонымен қатар Қайрекеновтер отбасы республикалық кезеңге жолдама алды.
Айта кетерлігі, Қаратөбе ауданы бұл байқауда кейінгі жылдары да жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Атап айтқанда, 2024 жылы Байтемировтер отбасы ІІ орын иеленсе, 2025 жылы Құрманғалиевтер отбасы аудан қоржынына ІІ орын әкелген. Ал биыл Қайрекеновтер отбасының облыстық кезеңде бас жүлдеге ие болуы – осы игі дәстүрдің жалғасы.
Отбасы – тек шаңырақ астындағы адамдардың бірлігі емес, ол – шағын мемлекет. Оның іргесі берік болса, елдің де еңсесі биік. Үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық танытып, ұрпағына өнегелі тәрбие беріп отырған әрбір отбасы – қоғамның рухани тірегі.
Салтанатты шара соңында Ғ.Құрманғалиев атындағы Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары арнайы концерттік бағдарламасын ұсынып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

11 сентября 2026
Отан қорғау – қасиетті парыз

Отан қорғау – қасиетті парыз
Алаш музейінде жергілікті әскери басқару органдарының құрылғанына 35 жыл толуына орай азаматтарды әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салуға арналған «Отан қорғау парыз» атты тағылымды кездесу өтті.
Тағылымды шараға аудан басшылығының өкілдері, әскери сала ардагерлері, ата-аналар, ұстаздар мен жастар қатысты.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Ғабит Талаптанұлы сөз алып, құттықтады.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Ғабит Талаптанұлы сөз сөйлеп, әскери сапқа аттанғалы отырған жас азаматтарға ақ жол тіледі.
– Құрметті ардагерлер, қадірлі ата-аналар, ұстаздар, ардақты жерлестер және бүгін әскер қатарына аттанғалы отырған жас азаматтар!
Отан қорғау – әр азаматтың жүрегінен орын алатын қасиетті ұғым. Елдің тыныштығы мен жердің тұтастығын сақтау – үлкен жауапкершілікпен қатар зор мәртебе.
Әскери қызмет – азаматты шыңдайтын, тәртіпке, төзімге, жауапкершілікке үйрететін үлкен өмір мектебі. Бүгін Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып бара жатқан Әли мен Әлиханға ақ жол тілеймін. Ата-аналарының үмітін ақтап, әскери міндеттерін абыроймен атқарып, елге аман-есен оралсын, - деді Ғабит Талаптанұлы.
Жиында Қаратөбе ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Қуат Мателиев те сөз сөйлеп, әскери қызметтің жауапкершілігіне тоқталды. Ол жас азаматтарға сапарларының сәтті болуын тілеп, Отан алдындағы борышты адал атқарудың маңызын жеткізді.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері Асқар Елбаев әскери өмірдегі тәжірибесімен бөлісіп, жас сарбаздарға ақыл-кеңесін жеткізсе, Қаратөбе аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Құмарұлы Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарып, елге аман-есен оралуларына тілектестік білдірді.
Шара барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлеріне және әскери-патриоттық тәрбиеге үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс хаттар табысталды.
Марапатталғандар қатарында Абылай Алтаев, Нұрболат Баянғалиев, Асқар Амангелдіұлы, Сәбит Хайыржанұлы және алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Мержан Асқарұлы бар.
Жиыннан соң Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге аттанғалы отырған Әли Ермекұлы мен Әлихан Жанболатұлын салтанатты түрде шығарып салды.

10 сентября 2026
Қазақстанда жыл басынан бері 74 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерді

Қазақстанда жыл басынан бері 74 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерді

Қазақстанда жыл сайын қыркүйек айының екінші жексенбісінде отбасы құндылықтарын дәріптеп, жанұядағы өзара түсіністік пен қолдаудың маңызын айқындайтын Отбасы күні атап өтіледі. Осы айтулы мереке қарсаңында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздегі неке қию көрсеткіштеріне қатысты статистиканы ұсынады.

2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 74 648 неке ресми түрде тіркелді. Оның жартысынан астамы жаз айларына тиесілі. Неке қиюға деген белсенділік жаз мезгілінде артып, дәл осы кезеңде көптеген жұп отбасын құру туралы шешімін ресми түрде бекіткен.

«АХАТ функциялары 2023 жылғы 1 шілдеден бастап Мемлекеттік корпорацияға берілді. Содан бері біздің қызметкерлер шамамен 400 мың неке тіркеп, 1 миллионнан астам туу туралы куәлік берді. Әрбір көрсетілген қызметтің артында азаматтардың өміріндегі маңызды оқиғалар тұр. Сондықтан біз қызмет көрсету үдерістерін жетілдіруге, цифрлық сервистерді дамытуға, мемлекеттік қызметтерді азаматтар үшін барынша ыңғайлы, қолжетімді және сапалы етуге басымдық беріп келеміз»,- деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Еліміздің барлық өңірінде шаңырақ көтеріп, жаңа отбасы құруға деген ұмтылыс жоғары. Дегенмен, неке қию көрсеткіші бойынша ірі қалалар мен халық тығыз орналасқан өңірлер алдыңғы қатарда. Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында тіркеліп, мұнда 12 344 неке қиылған. Екінші орында Астана қаласы тұр, онда 9 074 жұп өз қарым-қатынасын ресми түрде рәсімдеген. Ал үшінші орында 5 611 неке қиылған Түркістан облысы тұр.

Биыл маусым айы неке қию көрсеткіші бойынша көш бастады. Осы кезеңде 15 мыңнан астам жұп өз қарым-қатынасын ресми түрде рәсімдеді. Тамыз айында 11 761 жұп шаңырақ көтерсе, шілдеде бұл көрсеткіш 11 674-ті құрады. Жалпы, жаз айларында елімізде 38 мыңнан астам жұп отбасын құрды. Бұл 2026 жылдың сегіз айында қиылған некелердің жалпы санының жартысынан астамын құрайды.

Неке тіркеу – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу саласында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің бірі. Неке тіркеуге өтінішті тіркеуші органға тікелей жүгіну арқылы, электронды үкімет порталы арқылы онлайн форматта, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы беруге болады.

Мәдениет және спорт
04 сентября 2026
Тартысты өткен арқан тартыс Мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай Қаратөбеде мекемеаралық ерлер арасында арқан тартыстан жарыс өтті.

Тартысты өткен арқан тартыс
Мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай Қаратөбеде мекемеаралық ерлер арасында арқан тартыстан жарыс өтті.
Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Қаратөбе ауылында спорттық шара ұйымдастырылды. 3 қыркүйек күні жаңадан салынған спорт алаңында өткен арқан тартыс сайысына ауданның түрлі мекемелерінен 10 команда қатысып, өзара бақ сынады.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.
Шара барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны орындалып, мерекелік көңіл-күймен сазды сәлем жолданды.
Арқан тартыс – қатысушылардан күш-қайратпен қатар, ұйымшылдық пен ауызбіршілікті талап ететін ұлттық спорт түрі. Жарыс барысында командалар бар күш-жігерін салып, жеңіске деген жігерін танытты. Сайыстың ережесімен жарыстың бас төрешісі Қайырбек Сағындықов таныстырып, жарыстың әділ өтуін қадағалады.
Айта кетейік, жыл сайын қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде Қазақстанда Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні аталып өтеді. Бұл кәсіби мереке – елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, халыққа сапалы қызмет көрсетіп жүрген сала мамандарының еңбегін дәріптеуге арналған маңызды күн.
Жарыс қорытындысында үздік ойын көрсеткен командалар анықталды. Сайыста жүлделі І орынды аудандық жастар ресурстық орталығының командасы иеленіп, жарыс жеңімпазы атанды. ІІ орын «QAZAQGAZ AIMAQ» командасына бұйырса, ІІІ орынды «Сұлтан» жеке кәсіпкерлігінің командасы жеңіп алды. Спорт мектебінің командасы «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен, «Спорт ардагері» аталымымен Берік Нұрекешов, Бауыржан Аманкулов марапатталды.
Жеңімпаз және жүлдегер командаларға ақшалай сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды.
Мекемеаралық арқан тартыстан кейін Білім күніне орай көшеаралық арқан тартыс жарысы өтті. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Думан Дінішевтің ұйымдастыруымен өткен жарысқа 6 команда қатысты.
Тартысты өткен сайыс қорытындысында І орынды Жұмақаев көшесінің командасы иеленіп, жеңімпаз атанды. ІІ орынды Ғ.Құрманғалиев көесінің командасы еншілесе, ІІІ орынға Құрманғазы көшесінің командасы тұрақтады. «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен Темір ауылының командасы марапатталды.
Еңбек пен спортты ұштастырған бұл шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, көше тұрғындарының арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайта түсті. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған мұндай жарыстардың маңызы зор.

Білім беру
Мәдениет және спорт
04 сентября 2026
Тілге құрмет – елге құрмет Алаш және Қ. Хасанов атындағы тарихи-өлкетану музейінде 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай ана тіліміздің қадір-қасиетін дәріптеуге арналған «Ана тілім – ән-жырым» атты поэзиялық кеш өтті.

Тілге құрмет – елге құрмет
Алаш және Қ. Хасанов атындағы тарихи-өлкетану музейінде 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай ана тіліміздің қадір-қасиетін дәріптеуге арналған «Ана тілім – ән-жырым» атты поэзиялық кеш өтті.
Рухани шара мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қазақ тілінің көркемдігі мен құдіретін насихаттау, жас ұрпақтың ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында оздырылды.
Шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешов сөз сөйлеп, ана тілінің ұлт болмысын қалыптастырудағы маңыздылығына тоқталды.
– Ана тілі – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасы. Тілді сақтау және дамыту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өз тілін құрметтеген адам өз елін, жерін, тарихы мен мәдениетін де құрметтейді. Сондықтан ана тілімізді ардақтап, оның мәртебесін биіктетуге әрқайсымыз өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Біздің міндетіміз – ана тілімізді тек мерекелік шараларда ғана емес, күнделікті өмірде құрметтеп, оның қолданыс аясын кеңейту. Тілімізді сақтап, оны дамыту арқылы біз ұлттық болмысымызды да сақтаймыз. Ана тілін құрметтеу – Отанды, туған жерді, ел тарихын құрметтеумен сабақтас.
Бүгінгі «Ана тілім – ән-жырым» атты кештің де берері мол. Осындай тағылымды шаралар жиі өткізіліп, жастарымыздың бойында тілге, елге, жерге деген сүйіспеншілік қалыптаса берсін. Баршаңызды ана тілімізді ардақтап, оның мәртебесін бірге биіктетуге шақырамын, - деді Нұрлан Меңдешов.
Шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешов «Қаратөбе өңірі» газетінің жауапты хатшысы Ерболат Райсов пен Қ.Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Самал Ескожинаға 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орай өңірімізде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға бағытталған түрлі облыстық іс-шараларға белсене қатысып, қолдау білдіріп, қоғам алдында азаматтық белсенділік танытқаны үшін Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Алғыс хатын табыстады.
Кеш барысында туған жер, ана тілі, отбасы құндылықтары тақырыптарындағы өлеңдер оқылып, әндер шырқалды. Жыр жолдарында елге, жерге деген сүйіспеншілік, ана тілінің қадірі мен отбасындағы сыйластық, береке-бірлік кеңінен көрініс тапты.

03 сентября 2026
Камбоджа Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландыру тәжірибесін меңгеруде

Камбоджа Қазақстанның мемлекеттік қызметтерді цифрландыру тәжірибесін меңгеруде

Камбоджа Корольдігі Ішкі істер министрлігінің делегациясы мемлекеттік қызметтерді көрсету жүйесін цифрландыру мен модернизациялаудағы қазақстандық тәжірибені үйрену мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына барды.

Сапар барысында шетелдік қонақтар фронт-офистердің жұмысымен, өтінімдерді қабылдау және дайын құжаттарды беру процесімен, сондай-ақ азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасы мен жылдамдығын арттыруға бағытталған заманауи шешімдермен танысты.

Қолданыстағы жүйенің ауқымы делегацияға Қазақстандағы халыққа мемлекеттік қызмет көрсетуді ұйымдастыру барысын іс жүзінде көруге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда елде жұмыс істейтін 318 фронт-офистарында азаматтарға мемлекеттік қызметтің 1330 түрі қолжетімді. Оның 1272-сі электрондық үкімет порталы арқылы онлайн-форматта көрсетіледі.

Сапар аясында делегацияға Кайдзен қағидаттары бойынша жобаланған, өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары кеңейтілген заманауи «Халыққа қызмет көрсетудің цифрлық офистері», сондай-ақ азаматтарға дайын құжаттарды 24/7 режимінде алуға мүмкіндік беретін постаматтар таныстырылды.

Камбоджа өкілдерінің ерекше қызығушылығын цифрлық технологиялар мен биометриялық сәйкестендіруді ұштастыратын цифрлық ХҚКО-ның жаңа форматы – AI-офистер тудырды. AI-офистер үш функционалдық аймақты қамтиды: SELF – өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы анықтамалар алуға, DIGITAL – онлайн қызметтерді рәсімдеуге және ASSIST – күрделі мәселелерді консультанттың көмегімен шешуге бағытталған.

Камбоджа Ішкі істер министрлігінің өкілдері таныстырылған цифрлық шешімдердің тиімділігі мен практикалық маңызын жоғары бағалады. Делегация мүшелері мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін цифрландыруға, өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге және заманауи технологияларды енгізуге ерекше қызығушылық танытты. Қазақстанның бұл бағыттағы тәжірибесі Камбоджада мемлекеттік қызметті көрсету жүйесін одан әрі жаңғырту және жетілдіру барысында пайдалы болатынын атап өтті.

 

03 сентября 2026
Газ саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді Қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде елімізде дәстүрлі түрде Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні аталып өтеді.

Газ саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
Қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде елімізде дәстүрлі түрде Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні аталып өтеді. Осыған орай Қаратөбе аудандық әкімдігінің мәжіліс залында мерекелік жиын ұйымдастырылды. Шараға аудандық «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның БҚӨФ Қаратөбе аудандық газ учаскесінің қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысты.
Мерекелік жиынды аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев құттықтау сөзбен ашып, ауданымыздың экономикалық дамуы мен халық тұрмысының жақсаруына сүбелі үлес қосып отырған газ саласы өкілдеріне алғысын жеткізіп, ұжым қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – Мұнай-газ саласы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мұнай-газ саласы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өндірістік әлеуетінің артуына және халықтың әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қосып келе жатқан стратегиялық маңызы зор сала.
Бұл салада еңбек ету – үлкен жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті, табандылық пен жоғары еңбек тәртібін талап етеді. Сіздердің күнделікті атқарып жүрген қажырлы еңбектеріңіз ауданымыздың ғана емес, тұтас өңіріміздің дамуына өз үлесін қосуда.
Сіздердің еңбектеріңіз тек өндірістік көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Ауданымыздың әлеуметтік дамуына, елді мекендердің көркеюіне, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына көрсетіп отырған қолдауларыңыздың да маңызы зор.
Осы ретте сала ардагерлеріне – жылдар бойы жинаған мол тәжірибесі мен өнегелі еңбегі үшін, ал бүгінгі қызметкерлерге – жауапты жұмыстарыңыз бен кәсіби шеберліктеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, - деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы өз сөзінде.
Жиын барысында бірқатар қызметкерлер «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ БҚӨФ директоры Б.Омаровтың, аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешов та сөз сөйлеп, сала қызметкерлерін мерейлі мерекелерімен құттықтады.
«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ БҚӨФ Қаратөбе аудандық газ учаскесінің мастері Армат Көбешов әріптестерін мерекелерімен құттықтап, газ саласының ардагері, салада ұзақ жыл еңбек еткен Ибатолла Темировты алғыс хатпен марапаттап, иығына шапан жапты.
Шараға қатысушылар көтеріңкі көңіл күймен естелік суретке түсіп, бір-біріне ақ тілектерін арнап тарқасты.

Білім беру
01 сентября 2026
1 қыркүйек – Білім күніне орай Мұхит атындағы ЖОББМ-де салтанатты шара оздырылды.

Алғашқы қоңырау соғылды
1 қыркүйек – Білім күніне орай Мұхит атындағы ЖОББМ-де салтанатты шара оздырылды.
Білім күніне арналған «Қазақстан Республикасы Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбында өткен жиынға «Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы Абат Зейнуллин, аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Іңкәр Есказиева қатысты.
Салтанатты шарада алғашқы сөз алған Мұхит атындағы ЖОББМ-нің директоры Мәди Қайырғалиев:
– Құрметті ұстаздар, ардақты ата-аналар, қадірлі қонақтар және қымбатты оқушылар баршаңызды бүгінгі ерекше мереке – 1 қыркүйек, Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын.
Халқымызда «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген жақсы сөз бар. Бүгін – сол білім жолына жасалған жаңа қадамның, жаңа мақсаттар мен жаңа үміттердің бастау алар күні.
Биыл мектебіміз жаңа оқу жылын 633 оқушымен бастап отыр. Соның ішінде 92 бүлдіршініміз алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, 1-сыныпқа қадам басқалы тұр.
Қымбатты бүлдіршіндер, бүгін сендер үшін өмір бойы есте қалатын ерекше күн. Алғашқы қоңырау, алғашқы ұстаз, алғашқы парта, алғашқы достар – мұның бәрі сендердің мектептегі үлкен сапарларыңның бастауы.
Қадамдарың құтты болсын! Мектепке деген алғашқы қуаныштарың он бір жыл бойы білімге деген құштарлыққа ұлассын.
Ал бүгінгі күннің тағы бір ерекше иелері – 11-сынып оқушылары. Сіздер үшін бұл – мектеп қабырғасындағы соңғы алғашқы қоңырау. Алдарыңызда жауапты да маңызды жыл тұр. Биылғы оқу жылында 11 сыныпқа 45 оқушы қадам басып отыр. Оның ішінде 3-еуі «Алтын белгіге», 2-еуі «Үздік аттестатқа» үміткер оқушыларымыздың болуы – мектебіміз үшін үлкен мақтаныш әрі зор сенім.
«Талаптыға нұр жауар» дейді халқымыз. Сол талаптарыңыз талмас қанат болып, биылғы оқу жылын үлкен жетістіктермен аяқтап, таңдаған мамандықтарыңызға түсіп, ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың үмітін ақтаңыздар, - деді.
Кезегінде сөз сөйлеген «Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы Абат Зейнуллин ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Салтанатты жиында аталмыш мектептің табалдырығын алғаш аттағалы тұрған бүлдіршіндерге «Әліппе» оқулығы табысталды. Бүлдіршіндер өз кезегінде сазды сәлемдерін жолдады.
Алғашқы қоңырау соғу сәтіне жас түлек, «Алтын белгі» үміткері Жақия Құбай мен мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған Айару Сағынғали шақырылды.
Салтанатты жиыннан соң барлық сыныптарда тәрбие сағаттары оздырылды.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы