Бірлік мерекесіне арналды
Бүгін Қаратөбе ауданының орталығындағы алаңда 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік іс-шараның ашылу салтанатының алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев қаратөбелік жұртшылықты мерекелерімен құттықтады.
– Қадірменді жерлестер, Сіздерді татулық пен келісімнің символына айналған 1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мейрам – кең байтақ қазақ жерін мекендеген сан ұлт пен ұлыстың ынтымағын нығайтып, достығын дәріптейтін айтулы күн.
Қазақстан әлемге бейбітшілігімен, ұлтаралық татулығымен танылған ел. Бүгінде қазақ жерінде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл еліміздің басты құндылықтарының бірі, әрі мақтанышымыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында ел бірлігін нығайту – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі екенін айтып, қоғамдық келісімді сақтау мен оны қадірлеудің маңыздылығын үнемі атап өтуде.
Бірлік пен ынтымақтың мекеніне айналған ауданымыз жыл өткен сайын көркейіп, әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа сатысына көтерілуде.
Бұл жетістіктер – тұрғындардың татулық пен келісімге негізделген қажырлы еңбегі мен ақжарма ниетінің жарқын көрінісі, – деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.
Сонымен қатар алаңдағы сахнада аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы ауданымызда тұрып жатырған ұлт өкілдері Омар Хасиновты, Татьяна Қуаншалиеваны, Әсия Шамельқызын, Аида Қаныбекқызын алғысхатпен марапаттап, сыйлық табыстады.
Сахнада аудан көркемөнерпаздарының «Береке бастауы бірлікте» - атты концерттік бағдарламасы тамашаланды.
Концерртік бағдарламада Нүргүл Нұрбекқызы – «Жолуксақ қандай жақсы», Тұрарбек Қыдырғалиев – «Өзбек қыз», бүлдіршін әнші Жаухар Зинолла – «Мен бақытты баламын», Гүлсезім Жардем – «Килче-килче», Санжан Байтеміров – «Қазақстаным», Рысгүл Жұмағалиева – «Атамкен», Нұржан Салауат – «Атамекенім», «Ақбақай тобы» - «Шырқайық достық әнін», Таңат Жексенбаев – «Атамекен» әнін, шөптікөлдік «Алау» би тобы «Қазақ биін», «Қ. Жұмалиев» – атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясы жанындағы «Дарын» интернатының тәрбиеленушілерінен құралған «Тұмар» бишілер тобы «Өзбек биін» орындап көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.