
«Тарих пен тағдырдың айнасы»
Дәл осындай атаумен 14 ақпан күні Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 36 жыл толуына орай Ауған соғысы ардагерлерін еске алу кеші өтті.
Ауған соғысы – тарихтағы қасіретті оқиғалардың бірі. 1979 жылы Қазақстаннан Кеңес әскері қатарындағы сарбаздар интернационалдық борышын өтеу үшін Ауған жеріне аттанады. Сол сәтте қазақ даласынан 22 мыңға жуық азамат Ауғанстанға барып, 900 сарбаз майдан даласында қаза тапса, 20-сы хабар ошарсыз кетті.
Ауған асуында от кешкен жерлестеріміздің ерлігін жас ұрпаққа ұлықтау мақсатында ұйымдастырылған шарада өмірден озған ардагер жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
Еске алу кешінде сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев:
– Биыл Ауған жерінен Кеңес әскерінің шығарылғанына 36 жыл толып отыр. Жылдар өтсе де, жүректегі жара жазылар емес, 1979-1989 жылдар аралығында болған бұл соғыс мыңдаған қазақ жауынгерінің жастық шағын жалмап, талай отбасына қайғы салды.
Олар жат жерде ерлік пен өжеттіліктің үлгісін көрсетті. Бейбіт күннің бағасын сол бір қасіретті күндерді бастан өткерген ардагерлеріміз жақсы біледі. Майдан даласында қан кешкен жауынгерлеріміз – бүгінгі ұрпақ үшін батырлық пен қайсарлықтың символы екені сөзсіз.
Ауған соғысына ауданымыздан 19 жерлесіміз қатынасып, олардың әрқайсысы Отан алдындағы борышын адал атқарып, бейбітшілік пен тұрақтылық үшін күресті.
Біз әрқашан бұл мерекені аға буынның Отанға, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі деп білеміз, - дей келе Ауған соғысының ардагерлері, бүгінде өмірден өткен Аманжол Сәрсенғожин, Батырбек Жұмағалиевтердің аяулы жарлары Қалампыр Ғаббасқызы мен Рысгүл Ахметқызына гүл шоқтарын ұсынып, сыйлық табыстады.
Басқосу барысында Ауған соғысы ардагерлерінің ерліктері туралы «Ауған аманаты» тақырыбында Қ.Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Қанат Мұратұлы баяндама жасады.
Жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралып, туған жерімен, отбасымен қауышқан майдангер Аманжол Сәрсенғожин, Батырбек Жұмағалиевтің жұбайлары Қалампыр Ғаббасқызы мен Рысгүл Ахметқызы кездесу кешіне шақырған ұйымдастырушыларға алғыс айтып, жолдастарының естеліктерімен бөлісіп, Ауған ардагерлерінің ерліктерін ұлықтау мақсатында, аудан орталығынан ескерткіш орнатылса деген ұсыныстарын жеткізді.
Жас ұрпаққа тағылымы мол шарада аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Қуат Мателиев жастардың өз елінің патриоты болуы бағытында, ерлік, батырлық, жауынгерлік ұғымдарын жастар арасында үнемі насихаттау қажетігін атап өтті.
Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мен аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен өткен шарада мектеп оқушылары патриоттық бағытта өлеңдер оқып, мәдениет үйінің әншілері ән шырқады.