Заң талаптарын сақтау – ортақ міндет

Заң талаптарын сақтау – ортақ міндет
Заң талаптарын сақтау – ортақ міндет
Алаш және Қ.Хасанов атындағы тарихи-өлкетану музейінде «Заң және тәртіп» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Басқосуға құқық қорғау саласының өкілдері, үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғам белсенділері және жастар қатысты.
Жиынға төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың 2024 жылдың 15 наурызында өткен үшінші отырысында маңызды идеологиялық тұжырымдама мен негізгі бағыттардың бірі ретінде «Заң және тәртіп» тақырыбын атаған болатын. Ал, 2024 жылдың 2 қыркүйегінде жариялаған жолдауының тақырыбы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталады. Президент аталған жолдауының тоғызыншы бағытын тұтастай «Заң және тәртіп» тақырыбына арнап, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажеттігіне тоқталды, - дей келе дөңгелек үстел заң мен тәртіп тақырыбына арналған диалогтық алаң екендігін атап өтті.
Дөңгелек үстелде аудандық соттың төрағасы Арман Назаров: «Қоғамымыздың кез-келген мүшесі заң мен тәртіпке бағыну қажет. Заң талаптарын бұзбаған, қоғамдық тәртіпке бағынған адамның ішкі мәдениеті жоғары болады. Әдеп пен тәртіпті ата-ана жанұяда, ұстаздар мектеп қабырғасынан баланың бойына сіңіре білу керек. Заңсыздықпен күресу құқық қорғау органдарына жүктелген,» - дей келе әділ болу, әділеттілік қағидаттары турасында сөз қозғады.
Басқосуда сөз алған аудан прокурорының орынбасары Исламбек Нұрғалиев аудан бойынша қылмыстық істер мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалардың статистикасына тоқталып өтті. Ауданымызда алаяқтық бойынша қылмыс көбейіп тұрғандығына тоқталған поркуратура өкілі тиісті сала қызметкерлерімен бірлесіп мектеп оқушыларына түсінік жұмыстар жүргізіліп жатқандығына тоқталды.
Кездесуде сөз кезегін алған аудандық жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы Нұрбол Қабиев заң талаптарына бағыну, құқықтық сауаттылықты арттыру бағытында айта келіп, жастарды әлеуметтік желідегі жалған ақпараттарға сенбеуді, интернет алаяқтардан сақ болуға шақырды.
Дөңгелек үстелде ой-пікірлерін ортаға салған аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Қыдырашев, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың заңгер-кеңесшісі Сандуғаш Бұзаубағарова заң талаптарын қоғамдық ұстанымға айналдыруға, қоғамдық көзқарасты қалыптастыру бағытында белсенді болуға шақырды.
Отырыста пікір білдірген «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Абат Зейнуллин:
– Адам мінезі отбасында алған тәрбиеден. Адамның мінезі әдетіне айналады, әдеті тағдырына айналады. Күнделікті қоғаммен араласып жүргендегі заңға бағынуымыз сайып келгенде біздің тәрбиемізді көрсетеді. Президентіміздің Әділетті Қазақстан құру қағидаты бәріміздің заңға бағынуымыздан басталады. Көлік құралын басқарушыларға талаптың күшеюі ортақ талапқа бағынудың алғышарты болып табылады, - деді.
Келелі мәселелерді көтерген басқосуда Мұхит атындағы ЖОББМ-нің директоры Мәди Қайырғалиев мектеп жанынан арнайы автотұрақ салынуы қажеттігін көтерді.