
Жылы ұяға 20 жыл!
Бүгін Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде Қаратөбе ауданының психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті мекемесінің құрылғанына 20 жыл толуына орай «Әр бала – ерекше әлем! Жылы ұяға 20 жыл!» тақырыбында мерекелік шара өтті.
2005 жылы Қаратөбе ауданында психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті ашылып, ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың адамгершілік, еңбексүйгіштік қасиеттерін қалыптастырып, олардың өмірге деген құштарлық сезімдерін ояту, ой-өрістері мен ойлау қабілеттерін жетілдіріп, толыққанды азамат дәрежесіне жеткізу мақсатында жұмыс жасап келеді.
Орталықтың 20 жылдығы аясында өткен шарада алдымен ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар туралы сахналық қойлым мен мекеменің жұмысы туралы бейнекөрсетілім тамашаланды.
Мерекелік шарада алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан:
– Тәуелсіздік алғаннан бергі жетістіктеріміздің бірі әрбір ауданда ерекше балалармен жұмыстанатын мекеменің ашылуы болды. Мемлекетіміздің қолдауымен ауданымызда ашылған психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің жұмыс жасай бастағанына 20 жыл толып отыр. Қоғамымызда ерекше жандарға қай салада болмасын кедергі болмауы қажет. Ол үшін мемлекетіміздің тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Ерекше балаларды қоғамға бейімдеп, үлкен қызмет атқарып жүрген ұжым қызметкерлеріне толайым табыстар тілеймін, - дей келе бірқатар шара қонақтары мен орталық мамандарына аудан әкімінің алғыс хаты мен естелік сыйлықтар табыстады.
Аталған шараға арнайы қатысқан қонақтар мен әріптестеріне алғысын арнаған Қаратөбе ауданының психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің басшысы Айбек Зейнуллин мекеме ашылғаннан бері 500-ден астам тәрбиеленушілер орталық мамандарының көмегін алғандығын, орталықта 19 маман қызмет атқаратындығын атап өтті. Сонымен қатар тәрбиеленушілер мен мамандар шығармашылық байқауларға үнемі қатысып тұратындығын тілге тиек етті.
Кезегінде ата-аналар атынан Шамшия Абайқызы, қонақтар атынан Мереке Болатұлы құттықтау сөз сөйлесе, Сырым ауданынан келген әріптестері құттықтау хат пен естелік сыйлық табыстады.
Мерекелік шарада бүлдіршіндер мың бұрала би билеп, оталық мамандары мен аудандық мәдениет үйінің әншілері ән шырқады.