Алдымен облыс басшысы су басу қауіпті деп саналатын Үшана, Сулыкөл, Үшағаш ауылдарындағы жасалынған қорғаныс бөгеттерімен және Қаратөбе ауылы маңындағы Қалдығайты өзенінің арнасына шаруашылық әдіспен коммуналдық шаруашылық мекемесі, жергілікті демеушілердің техникалары арқылы жасалған бұру, бөгеу және өзен жағалауын бекіту жұмыстарымен танысты.
Облыс әкімінің сапарында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев тасқынға тосқын болар жұмыстарды баяндады.
– Батыс Қазақстан облысының 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жүргізу жөніндегі инженерлік жұмыс жоспарында 7 тапсырма берілген болатын, соның 1 тармағындағы тапсырма бойынша Қоржын ауылындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру мақсатында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысымен 136,3 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жұмыстары толығымен аяқталды. Қалған 6 тармақ бойынша Үшағаш, Сулыкөл, Үшана, Қаратөбе, Шалғын ауылдарындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары толықтай жүргізілді.
Су тасқынын апатсыз өткізу шаралары алдымен елді мекендерде қар шығару жұмыстарынан басталады. Бүгінгі күні қар түсімінің аз болуына байланысты қар шығару жұмыстары әзірге басталған жоқ. Ауылдық округ әкімдерінің шешімдерімен 19 қар шығару орыны дайындалды.
Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстаушы мердігер (Бақыт Жолдары ЖШС) анықталып, келісім шарты жасалды. Мердігердің техникалары арқылы су тасқыны кезеңінде кезекшілік ұйымдастырылатын болады. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында орналасқан 31 су өткізгіш труба және Қаратөбе ауылында ауылішілік 62 су өткізгіш труба анықталып күз мезгілінде бітеу жұмыстары жүргізілді, - деді аудан басшысы.
Сапар барысында өңір басшысы жауапты мекемелерге тапсырмалар беріп, қамданысты күшейту қажеттігін қаперге салып, ауданның жедел әрекет ету жасағының күш құралдарымен, жеке құрамның және арнайы техникаларының алдағы су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді.