
Әскери борышты өтеу – басты міндет
Бүгін Қаратөбе ауданында 2025 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанын сапалы жүргізу мақсатында Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтің төрағалығымен жиын өтті. Ағымдағы жылдың көктемгі әскерге шақыру науқанында атқарылар жұмыстар туралы айтылып, науқанды сапалы ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Жиынға ауылдық округ әкімдері, аудандық полиция бөлімінің, аудандық орталық аурухананың өкілдері және аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары қатысты.
Жиын барысында сөз алған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Қуат Мателиев өткен жылы күзгі әскерге шақырудың орындалуын тілге тиек етті.
- 2024 жылдың 2-ші қыркүйегінен Қаратөбе ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде аудандық дәрігерлік комиссиясы қызмет атқарды. Қаратөбе ауданы бойынша 2024 жылғы күзгі мерзімді әскери қызметке шақыруға жататын 63 әскерге шақырылушылар аудандық дәрігерлік комиссиядан өтті. Күзгі әскерге шақырылушылар жүктемесі 34 болса, 22 жас жігіт жауынгерлік борышын өтеуге кетті.
2025 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанына зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561 «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 32 бабына сәйкес ауданда есепте тұрған запастағы офицерлерді және әскери есепте тұрған әскери міндеттілерді келісім-шарт бойынша әскерге шақыру жұмыстары да жүргізілуде. Яғни ол азаматтар Орал қаласындағы №99250 әскери бөлімі Аумақтық Қорғаныс бригадасына шақыру жұмыстары да жүгізілуде, - деді Қуат Досымбекұлы.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Қуат Мателиев күзгі әскерге шақыру науқанының сапалы орындалуына өз үлестерін қосқан Сулыкөл ауылдық округі бойынша учаскелік полиция инспекторы Төлеген Наурызалинді, Аққозы ауылдық округі бойынша учаскелік полиция инспекторы Ерболат Қадырды алғыс хатпен марапаттады.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев: «Әскерге шақыру жұмыстары өз деңгейінде сапалы жүруі керек. Ол үшін осы жұмыстарды атқарушылар өзара тығыз байланыста хабар алмасып, істі нақты, әрі үлкен жауапкершілікпен жүргізулері тиіс,» - деді.