
Орталықта атқарылған шаруа көп
24 қаңтар күні Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен есепті кездесу жиынында тұрғындар алдында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев пен Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Ермек Сайнов есеп берді.
Алдымен тұрғындар алдында есеп берген округ әкімі Ермек Бекболатұлы округ бойынша есепті кезең ішінде атқарылған жұмыстарды саралап, ағымдағы жыл ішінде жүзеге аспақ істерді пысықтады.
Округ әкімі Е.Сайновтың айтуынша Қаратөбе ауылдық округі бойынша кәсіпкерлік саласы жылдан жылға дамып келеді. Былтырғы жылы халыққа қызмет көрсетуге 10 жаңа кәсіпкерлік нысан ашылып, жұмыс жасауда. Олар 3 азық-түлік дүкені, 1 ауылшаруашылығы өнімдері дүкені,1 шаруашылық дүкені, 2 асхана, 2 дәріхана, 1 көлік жуу орны.
Биыл округте 1 супермаркет, 1 жеке балабақша, 1 көлік жөндеу орталығы, 1 асхана, 1 мейрамхана, 1 демалыс орны кәсіпкерлік нысандарының құрылысы жоспарлануда.
Республикалық «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеру және кәсіп ашуға қолдау көрсету мақсатында бағдарламаға жалпы саны 14 ауыл тұрғыны өтініш берді. Қазіргі таңда 4 ауыл тұрғының өтініші қанағаттандырылып 39,39 млн. теңге несие берілген. Олар құс шаруашылығы, асханаға қажетті құрал-жабдықтар. 6 ауыл тұрғынына несие мақұлданды, 2 адам өз өтініш негізінде бас тартқан. Кәсіп бағыты негізіне құс шаруашылығы, қызмет көрсету бағытында несие беріліп жатыр.
Қаратөбелік тұрғындар алдында сөз сөйлеген аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы жыл ішінде аудан бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
Ауданның түрлі салаларындағы нәтижелі жұмыстарды жан-жақты саралай отырып баяндаған аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев ағымдағы жылы атқарылмақ жұмыстарды да тілге тиек етіп, ауыл тұрғындарын ауызбіршілікте ынтымақтасып жұмыс жасауға шақырды.
Ауыл халқымен кездесуден кейін аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.