
Қоғамдық кеңес отырысында есептер тыңдалды
Бүгін аудандық мәслихаттың мәжіліс залында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, аудандық мәслихат және аудандық қоғамдық кеңес төрағалары Нұрлан Меңдешов пен Рамазан Қыдырашев аудандық мәслихаттың депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері алдында 2024 жылы жүргізген жұмыстары бойынша есеп берді.
Есепті жиында аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы өткен жылы ауданның барлық салалары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесін баяндады.
– 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қаратөбе ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы оң көрсеткішке ие. Атқарылған жұмыстар қоғамдық кеңес мүшелерімен, аудандық мәслихатпен және аудан тұрғындарымен бірлесе атқарылғанын ерекше атап өткім келеді.
Өздеріңізге мәлім, 2024 жылдың 27-30 наурыз күндері аралығында Жақсыбай, Қалдығайты өзендерінден қар суының күрт еріп, су деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты Қоржын ауылын су басу фактісі орын алды. Сол себепті, 2024 жылдың 27 наурыз күні, аудан аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Ағымдағы жылдың 4 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келіп, Қ.Жұмалиев атындағы мектеп-гимназиясында орналасқан эвакуациялық пунктіндегі Қоржын ауылының тұрғындарымен кездесіп, өтініш –тілектерін тыңдады. Кездесуде Қоржын ауылының тұрғындары Мемлекет басшысына тұрғын үй салу және Жақсыбай (48,15 м), Қалдығайты (79,2 м) өзендеріне көпір салу мәселесін көтерді.
Бүгінгі таңда аталған 2 өзенге көпір салу бойынша жалпы құны 185,8 млн теңгеге ЖСҚ жасақталуда. (Жақсыбай – 92,1, Қалдығайты 93,7 млн теңге) Алдын ала есептеу бойынша жоба құны – Жақсыбай өзеніне салынатын көпір – 1,5 млрд теңге, Қалдығайты өзеніне салынатын көпір – 3,0 млрд теңге.
Ауданымызда көктемгі су тасқынының салдарын қалпына келтіру жұмыстары мәресіне жетуде. Аудан бойынша су тасқыны салдары нәтижесінде 103 тұрғын үй зардап шексе, суға кеткен тұрғын үйлерге жүргізілген техникалық тексеру қорытындысына сәйкес 90 үй жарамсыз деп танылды. 90 үйдің құрылысы аяқталып, 3 қыркүйек күні тұрғындарға табысталды. Тұрғын үй құрылысына қажетті қаражат «Ақжайық» қоры арқылы 2,8 млрд теңге бөлініп, 6 мердігер құрылыс жұмыстарын жүргізді. Алдағы көктемгі су тасқынына дайындық негізінде Қоржын ауылындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру бойынша ЖСҚ жасақталып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Үшағаш, Сулыкөл, Үшана, Қаратөбе, Шалғын ауылдарындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру мақсатымен аудандық бюджеттен 31,3 млн теңге бөлініп, жұмыстар толықтай жүргізілді.
Қаратөбе ауылындағы Қалдығайты өзенінің арнасын бұру, бөгеп, бекіту жұмыстары шаруашылық әдіспен аудандық коммуналдық кәсіпорын мекемесі және жергілікті демеушілердің техникалары, соның ішінде «Қазсушар» РМК БҚФ-ның шынжыр табанды эксковаторы арқылы, «Тәуекел» ЖШС-нің шынжыр табанды бульдозері, «Жарқын жол құрылыс» ЖШС-нің, облыстық мәслихат депутаты А.Сағитовтың, жергілікті кәсіпкер Т.Омаровтың және «Сұңқар» шаруа қожалығының Камаз жүк көліктері арқылы жүргізілді. Қоскөл ауылдық округіне қарасты Шалғын ауылындағы Шиелі өзенінің арнасын кеңейту жұмыстарын «Қазсушар» РМК БҚФ-ның шынжыр табанды эксковаторы арқылы шаруашылық әдіспен жүргізілді.
Шағын кәсіпкерлік - экономиканы дамытудың маңызды тетіктерінің бірі екені белгілі. Ауданымызда экономиканың басқа да салаларымен қатар шағын кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда аудан бойынша 929 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, онда 1187 адам жұмыспен қамтылып отыр. Аудан экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы, жалпы аудан бойынша қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында 458 шаруа қожалық, 7 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және 11 өндіріс кооперативі агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағытында қызмет атқаруда.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 10,2 млрд. теңгені құрап отыр.
2024 жылдың 1 желтоқсанына аудандағы мүйізді ірі қара – 53 485 басты, қой мен ешкі 91 091 басты, жылқы – 14456 бас, түйе – 24 басты, құс саны 4201 құрады.
Мал басын былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда МІҚ-27%-ға, қой мен ешкі-7%-ға, жылқы 15%-ға көбейген.
Ауданда асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын 54 шаруашылық бар.
Бүгінгі таңда аталған шаруашылықтарда 8038 асыл тұқымды МІҚ малы (2023 жылы 5977 бас асыл тұқымды МІҚ), 3 шаруашылықта 143 бас асыл тұқымды жылқы (2023 жылы 108 бас асыл тұқымды жылқы), 9 шаруашылықта 1994 бас асыл тұқымды қой (2023 жылы 1754 бас асыл тұқымды қой) малын өсірумен айналысады.
Өткен жылғы есепті мезгілмен салыстырғанда асыл тұқымды МІҚ – 165,6 пайызға, асыл тұқымды жылқы – 121,7 пайызға орындалса, асыл тұқымды қой малы – 108,4 пайызға өсіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назарда ұстап отырғаны өздеріңізге мәлім. Бұл бағытта аудан бойынша «Ауыл Аманаты» бағдарламасы негізінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп, тұрғындар бұл бағдарламаға қызығушылық танытуда. «Ауыл аманаты» жобасының 2024 жылға арналған жоспары бойынша ағымдағы жылға зерделеу (скрининг) жүргізіліп, жобаға қатысатындар жыл басында анықталды. (Ауданға белгіленген лимит 42 жоба, 290,3 млн теңге.)
2023 жылғы ұжымдық бақша егіп, тәжірибе жинақтаған Қаракөл а/о-нен 1 тұрғын (Орынғалиев Бақытжан, 9,2 млн. теңге) 4 га жерге, Сулыкөл ауылдық округінен 1 тұрғын (Ғаббасов Бағдәулет, 5,7 млн. теңге) 6 га жерге биылғы жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алып, бақша егу жұмыстарын жүргізді.
Өңірімізде биылғы жылдан бастап «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы бастау алды. Аталған жобаға ауданымыз бойынша Соналы, Ханкөл, Шалғын ауылдары бекітілген болатын. Бүгінгі күнге барлығы 13 отбасы 72 адам көшіп келді. Оның ішінде 47 ересек, 25 бала. (Жоспар 10 отбасы 57 адам). Осы отбасылары жұмыспен қамтылып, балалар көшіп келген елді мекендердегі мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарға орналастырылды.
Жобаға қатысушыларды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында Ханкөл, Соналы ауылдарындағы ескі мектеп ғимараттарына аудандық бюджеттен 5,9 млн теңге бөлініп, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, Егіндікөл, Соналы, Үшағаш ауылдарына көшіп келген тұрғындарға жергілікті бюджеттен 8,9 млн теңге бөлініп, тұрғын үй сатып алынып берілді.
Аудан бойынша 2022-2024 жылдары аралығында 49 шаруа қожалығының 82980 га жер телімің мақсатына сай пайдаланылмай отырғаны анықталды.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан осы пайдаланылмай отырған жер телімдері иелеріне түсінік жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 36 шаруа қожалығы 54 715 га жер телімін мемлекетке қайтарды. 2024 жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлеріне 8 ауылдық округ бойынша 5 рет конкурс өткізілді. Конкурс қорытындысымен 29 өтініш иесіне көлемі 20 810 га жер учаскесі берілді.
«Шалғын ауылындағы елді мекенішілік су құбырының құрылысына» облыстық бюджеттен 75 919,0 мың теңге бөлініп,құрылыс жұмыстары аяқталды.
Аудан бойынша қазіргі уақытта «Шөптікөл ауылына дейінгі 1,7 шақырым кірме жолды күрделі жөңдеу», «Қаратөбе ауданы, Саралжын ауылдық округі, Қарақамыс елді-мекеніндегі ауылішілік жолдарға күрделі жөндеу» және «Қоскөл ауылына дейінгі 8,5 км кірме жолды күрделі жөндеу» бойынша жұмыстар толық аяқталды.
2024 жылға 3 нысанға тиісті қаражат бөлініп жұмыстар басталды, «Қаратөбе-Қарақамыс аудандық маңызы бар автомобиль жолы 29-44, 44-59 шақырымдарына орташа жөндеу» бойынша материалдарды тасымалдау жұмыстары жүргізілді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты аталған жобалар 2025 жылға ауыстырылды. «БҚО, Қаратөбе ауданы, Сулыкөл ауылдық округі, Сулыкөл елді мекеніндегі ауылішілік автомобиль жолдарын күрделі жөндеу» нысаны бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп аяқталды, орын алған кемшіліктер бойынша жұмыстардың толық аяқталмауына байланысты жоба 2025 жылға ауыстырылды.
Аудан аумағында абаттандыру бойынша да бір қатар жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бүгінгі күнге дейін 11 мәрте сенбілік ұйымдастырылып елді мекендерде абаттандыру, көгалдандыру, қалдықтардан тазарту бағытында жоспарға сай тиісті жұмыстар атқарылып келеді.
Денсаулық саласы бойынша да алға қойған мақсаттарымызды біртіндеп жүзеге асырып келеміз.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында өткен жылы ауданымызда 3 медициналық пункт бой көтеріп, пайдалануға берілді.
Мәдениет ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында жергілікті бюджеттен 9,3 млн.теңге қаражат бөліп, музыкалық құралдармен сахналық киімдер, орындықтар алынса, 16,9 млн.теңгеге газель автокөлігі сатып алынды.
Сонымен қатар, көктемгі су тасқынының салдарынан авариялық деп танылған Аққозы ауылындағы ауылдық клуб ғимаратының құрылыс материалдарын тиімді пайдаланып, Ханкөл ауылындағы ескі клуб ғимаратына жергілікті демеушілер арқылы жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Наурыз айында пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, - деді Қадыржан Орынбасарұлы.
Есепті жиында ауандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Меңдешов пен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Рамазан Қыдырашевтың өткен жылда атқарған жұмыстары тыңдалды.
Жиында аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері Махсот Ермеғали мен Абат Зейнуллин сөз алып, аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиевтың, аудандық мәслихат пен аудандық кеңестің төрағалары Нұрлан Меңдешов пен Рамазан Қыдырашевтың өткен жылы атқарған жұмыстарына оң бағаларын берді.
Аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев қоғамдық кеңес отырысы барысында аудандық фитосанитария мекемесінің басшысы Рустем Альжановқа Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі, елдегі достық пен қоғамдық келісімді нығайтуға сіңірген еңбегі үшін марапатталған Батыс Қазақстан облысының Құрмет грамотасын табыс етті.
Сонымен қатар аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы елеулі жұмыс жүргізген аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Рамазан Қыдырашевты, аталмыш кеңес мүшелері Махсот Ермеғалиды, Еркінбек Жәнібековты, Нұрзия Соқатованы, Қанат Мұқановты, Мейрамгүл Кенжеғалиеваны, Санат Зейнуллинді, Амангелді Мырзағалиевты, Абат Зеинуллинді, Берік Ғарапшиевті алғыс хатпен марапаттады.