
Тәуелсіздік – аңсаған ел арманы
Бүгін аудан орталығындағы Қ.Хасанов және Алаш тарихи-өлкетану музейінде 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған «Тәуелсіздік – ел бақыты» тақырыбында мерекелік шара өтті.
Тәуелсіздік – Қазақстанның әлемдік аренада өзін танытуына, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға және еліміздің әрбір азаматына жаңа мүмкіндіктер мен еркіндік беруге жол ашты. Бұл күнді мерекелеу – ұлттың бірлігін нығайтып, еліміздің болашағына деген сенімділігін арттыруға ықпал етеді.
Мерекеге арналған іс-шараны аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев алғы сөзімен ашып, барша қатысушыларды маңызды мереке ел Тәуелсіздігі күнімен құттықтады.
– Бұл күн қазақ елі тарихындағы ұлы жеңіс. Ұлттың елділігі мен тәуелсіздігі жолындағы ауыр жолдың жемісі. Бұл жолда қазақ халқы көптеген тарихи сынақтардан өтіп, сан қилы қиындықтарды жеңіп бүгінгі биігіне жетті.
Тәуелсіздік мерекесі – бар ғұмырын бостандық үшін күреске арнаған боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын қастерлі мереке. Азаттық алуға зор үлес қосқан ұлт қайраткерлерін ұлықтайтын күн. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттау – әрбір азаматтың қасиетті парызы.
Тәуелсіздік бізге тек құқықтар ғана емес, үлкен жауапкершілік жүктейді. Әрқайссымыз елдің дамуына үлес қосып, мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуге міндеттіміз, - деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы.
Жиында ҚР Мемлекеттік қызметіне алғаш қабылданған мемлекеттік қызметшілер аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ринат Серіков пен аудан әкімі аппараты ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас маманы Мейрхан Бердіғалиев ант қабылдады.
Айтулы іс-шарада аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Мәулен Қожахметов айырықша мерекеге байланысты құттықтау сөзін арнап, тәуелсіздік жолындағы ел халқының еңбегі мен ерлік істері туралы айтты.
Тәуелсіздіктің құрдастары Тоқтар Омаров, Арайлым Нұрсұлтанова, Жадыра Хабибулина, Гүлзипа Күмісқалиева, Жадыра Мағжанова ұлық мерекемен құттықтап, тәуелсіздігіміздің баянды болуына тілектестіктерін жеткізді.
Аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы мерекеге орай түрлі сала қызметінің дамуына өз үлестерін қосып жүрген бір топ азаматтарды марапаттады.
Мерекелік шарада ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің төсбелгісі Асхат Тойшыбаевқа, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің алғыс хаты Медет Валериевичке табысталса, аудан әкімінің алғыс хатымен Рүстем Альжанов, Мағия Аманжанова, Сәния Омаровалар марапатталды.
Мерекелік жиын аудандық мәдени-демалыс орталығы көркемөнерпаздарының және мектеп оқушыларының сазды бағдарламасына ұласты.