Сұранысқа ие кәсіп – табыс кілті

Сұранысқа ие кәсіп – табыс кілті

Сұранысқа ие кәсіп – табыс кілті

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында кәсібін дөңгелентіп отырған жас кәсіпкерлер мен жастардың басын қосқан кәсіпкерлер форумы өтті.

Қазіргі таңда өңірімізде кәсіпкерлік бағыты дамып, қолдауға ие болуда. Қоғамда кәсіпкерлік іс-әрекетсіз нарықтық экономика болмайды. Жастар арасында кәсіпкерлікке деген қызығушылық өсіп келеді, оған дәлел өзінің ісін ашуға ниеттенген адамдардың көбеюі. Жастар өздерінің идеяларын іске асырып, өздерін еңбек нарығында сынап көрумен көзге түсуде. Біздің ауданымызда да еңбегімен көзге түсіп, кәсібінің нәсібін көріп жүрген жастар баршылық.

Алдымен мәдениет үйінің фойесінде кәсіпкерлердің қолынан шыққан ет өнімдері, жартылай фабрикаттар, кондитерлік тәттілер, қолөнер бұйымдарының көрмесі тамашаланды.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен «Мұхит жастары» ЖҚБ-нің ұйымдастыруымен өткен кәсіпкерлер форумында сөз сөйлеген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев:

– Бұл форум ауданымыздың кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында жаңа мүмкіндіктер мен идеялармен бөлісуге арналған маңызды алаң болып табылады.

Кәсіпкерлік – бұл тек пайда табу ғана емес, сондай-ақ қоғамға пайда әкелетін, жаңа идеяларды жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын ашатын, инновациялармен әлемді өзгерту мүмкіндігі.

Шағын кәсіпкерлік-экономиканы дамытудың маңызды тетіктерінің бірі екені баршамызға белгілі. Ауданымызда экономиканың басқа да салаларымен қатар шағын кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда аудан бойынша 926 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, онда 1141 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Биылғы жылы кәсіпкерлікті дамыту бойынша жалпы құны 94 млн. теңгені құрайтын 6 жоба іске қосылып, 10 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің қаржылық себептерімен биылғы жылы жүзеге аспай, келесі жылы жүзеге асыруға жоспарланған 90 млн. теңгенің 3 жобасы жүзеге асып, 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Бизнес тек бір күнде емес, жылдар бойы құрылып, дамиды. Осы жолда кәсіпкерлер үшін ең маңыздысы жаңа мүмкіндіктер іздеу, инновациялық шешімдер енгізу және өз ісін дамытуға деген құлшынысының болуы қажет деп ойлаймын, - деді.

Жастармен жүздесуге жиналған кәсіпкерлер арасынан қолөнер және сувенир бұйымдарын дайындаушы Әсел Отарова, кондитер, тәтті торттар пісіретін Дария Мақсотова және құрылыс материалдарын жасайтын Дәулет Хамзин, аудандық мансап орталығының маманы Жанаргүл Жылқышиевалар сахна төріне шақырылды.

Жастармен пікір алмасқан спикерлер Дәулет Хамзин терезе жасау кәсібі турасында мағлұмат берсе, Әсел Отарова қолөнер бұйымдарын дайындап, саттыққа шығару туралы, Дария Мақсотова тәтті торттардың дайындалуы жөнінде айтып өтіп, өз кәсіптерінің қиындықтары мен қызықтары, ерекшеліктері жөнінде әңгімелеп берді.

Аудандық мансап орталығының маманы Жанаргүл Жылқышиева кәсіп ашуға ниетті азаматтарға көрсетілетін қолдаулар жөнінде, кімдерге гранттар мен жеңілдетілген несиелер берілетіндігі жөнінде, жаңадан оқу орнын бітіруші жастарға «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы турасында түсінік берді.

Кәсіпкерлермен жүздескен жастар олардың өмірлік ұстанымдары, кәсіппен айналысу үшін қандай қасиеттерге ие болу керектігі, тауарларын өткізудегі жарнамалау тәсілдері турасында сауалдар қойып, тұшымды жауаптар алды.

Кәсіпкерлер форумының марапаттау кезеңінде аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы кәсіпкерлік саласына үлес қосқаны үшін Дәулет Хамзин, Әсел Отарова, Дария Мақсотова, Әлібек Сыдықов, Дамир Хиянов, Марина Шағанова, Эльмира Мергенова, Айнұр Қаршығиева, Айымгүл Мендешова, Тазагүл Ибадуллаева, Гүлсая Байдуллина, Мақпал Базарбаева сынды кәсіпкерлерді алғыс хатпен және сыйлықпен марапаттады.