
Қаратөбеде ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні кәсіби мерекесіне орай ауданның орталық базарында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.
Мерекеге орай өткізілген жәрмеңкеге ауылдық округтерден кәсіпкерлер қол жетімді бағамен халыққа ауылшаруашылық өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкеге ертемен орталық базарға келген аудан тұрғындары табиғи таза өнімдерді сатып алуға асықты.
Жәрмеңкеде ет және ет өнімдері, көкөністер, сүт өнімдері (оның ішінде қымыз және шұбат), бақша, бал, жеміс шырындары мен консервіленген өнімдер, балық, жұмыртқа және нан-тоқаш өнімдері және ауыл шеберлерінің қолынан шыққан қамшы мен ұлттық нақыштағы киім-кешек сөреден өз орнын тапты.
Айта кетерлігі, барлық өнімдер нарықтық бағадан төмен бағамен сатылды.
Жәрмеңкеден соң түрлі ауылшаруашылық техникаларының және асыл тұқымды бұқалар көрмесі мен өтті. Көрмені аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев аралап көріп, техника түрлерімен асыл тұқымды бұқалармен танысты. Көрмеде қазіргі заманғы өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникаларының бірнеше түрі қойылса, асыл тұқымды бұқалардың әр жылғы төлі қойылды.