Жат ағым жетегінде кетпеуге шақырды

Жат ағым жетегінде кетпеуге шақырды

Жат ағым жетегінде кетпеуге шақырды

26 қараша күні Егіндікөл, Қоскөл ауылдарында зайырлылық қағидаттарды насихаттау, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу және дін мен дәстүр сабақтастығын нығайту мақсатында, әлеуметтік желіні қолдануы турасында жастармен кездесу өтті.

Жастармен жүздесуде «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының орынбасары, «Sarapshy.info» сараптамалық ақпарат агенттігінің негізін қалаушы, медиатренер, «Медиа білім» қорының басшысы Нұрлыбек Рахманов әлеуметтік желінің қоғамға әсері жөнінде айтты.

Нұрлыбек Нұрланұлы ғаламтордың ғаламат мүмкіндіктеріне тоқталды.

-Бұрын ауыл балаларына қосымша білім алуда, өздерін жетілдіруде кедергі көп болды. Өзінің қалаған үйірмесі не білім жетілдіру курсына қатыса алмады. Қазір ғаламтордың арқасында, әсіресе пандемиядан кейін қашықтан оқыту жақсы дамыды. Білім беру платформалары көбейді, жетілді. Ауылда интернет жылдамдығы қаламен теңескен. Сондықтан қолдарыңдағы смартфондарыңды ойын-сауыққа, уақыт өткізуге емес, өздеріңді дамытуға қолданыңыздар. Бұл смартфондар қуаты жағынан бұрынғы компьютерден мықты. Біле білсеңіздер, ғаламторға жалғанған смартфоныңыз - әлемнің барлық біліміне ашылған терезе, - деді Нұрлыбек Нұрланұлы.

Ол жасанды интеллект мүмкіндіктеріне кеңірек тоқталды. "Жасанды интеллектіні өте көптеген платформалар пайдалана бастады. Маған алпыс шақтысы белгілі. Олардың ең танымалы ChatGPT. Оны көмекші құрал ретінде пайдалану тиімді. Мысалы, оқушылар жасанды интеллектіні ҰБТ-ға әзірлік барысына, оның жоспарын құруға, қарауға бірнеше сағат уақыт кететін видео дәрістерге бір минутта тезис жасауға, аудио мен видеоны мәтінге айналдыруға қолдансаңыздар болады",- деді медиатренер.

Сондай-ақ медиатренер жиында әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану, парақшалардың түрлері, оларды жүргізу әдістері, желідегі этика, ақпараттық қауіпсіздік туралы айтты. Діни экстремистік топтардың контентінен сақтану жолдарын түсіндірді.

Кездесу барысында «Дүрбі» республикалық-қоғамдық, діни- танымдық газетінің және «durbi.kz» сайтының бас редакторы, ақын, «Ақпарат саласының үздігі», «Ерен еңбегі үшін» медалының иегері, Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Аруана-Жайық» ҚҚ директоры Ұлдай Сариева адасып жат ағым жетегінде кеткен қазақстандықтар жайлы, олардың ауыр тағдырлары жөнінде «Дүрбі» газетіне шыққан сұхбаттары турасында әңгімелеп берді. Ұлдай Қабошқызы діни теріс ағымдардың әлеуметтік желі арқылы таралуы, олардың желіде тікелей эфирде отыратындығы жөнінде айта келіп, дін саласына қатысты сауалдардың жауабын арнайы мамандардан ғана алу қажеттігін атап өтті.

Басқосуда жастар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берген спикерлер жастарды білімді болуға, ынтымақты арттыруға, қазақы салт-дәстүрді ұстанып дамытуға шақырды. Сонда ғана қауіпсіздікті, бейбітшілікті, тәуелсіздікті сақтап қалу мүмкін болмақ.

«Ізгілік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жастармен кездесуді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нүртас Сафуллин жүргізіп отырды.