Қаратөбеде "Қыс - 2024" оқу-жаттығуы өтуде

Қаратөбеде "Қыс - 2024" оқу-жаттығуы өтуде

Қаратөбеде "Қыс - 2024" оқу-жаттығуы өтуде

Қаратөбе ауданы аумағында «Қыс-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулар 21-22 қараша аралығында өтуде. Қаратөбе ауданы орталығы іргесіндегі оқу-жаттығу алаңында қысқа дайындық жұмыстары пысықталды.

Оқу-жаттығуға байланысты 21 қарашада бас қосқан аудандағы төтенше жағдайлар бөлімі мен өзге де құрылымдар, басқарма кәсіпорындары қысқы кезең жағдайында төтенше жағдайлардың алдын-алуды пысықтап, оқыс жағдайларға жол бермеу және алдын-алу шаралары жайында кеңесті.

Осыған орай, 22 қараша күні Қаратөбе ауылы аумағында аудандық шұғыл әрекет ету жасағының саптық байқауы өткізілді. Саптық байқауға аудандық шұғыл әрекет ету жасағы және арнайы техникалар қатыстырылды.

Жасақтың дайындық жұмысымен аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Шайжанов, Қаратөбе аудандық ТЖБ бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Мэлс Искаков танысты.

Оқу жаттығу жоспарына сай алдымен олардың дайындығы, төтенше жағдай орын алған кездегі іс-әрекеттері толық қадағаланды.

Оқу-жаттығу барысында қыс мезгіліндегі қолайсыз ауа райының салдарынан облыстық маңызы бар «Сырым-Қаратөбе» тас жолында тұрып қалған көліктерді шығару мен жолаушыларды құтқару жұмыстары жүрді. Сонымен қатар, Қаратөбе ауылында жерасты газ құбырына мұз қатып қалуынан газ айырылуы, электр желілеріне мұз қатуынан үйлердің электр қуатынсыз қалуы сынды тапсырмаларды шұғыл әрекет ету жасағы уақытылы әрі сапалы атқарып шықты.