
Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткен мекемеаралық спартакиада қорытындыланып, үздік спортшылар марапатталды.
Спартакиада Қазақстан Республикасының бұқаралық спортты дамыту, салауатты қоғам қалыптастыру жөніндегі саясатын жүзеге асыру, мекеме қызметкерлерін спортпен айналысуға ынталандыру мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Оған аудан орталығындағы барлық мекемелерден 11 команда қатысып, волейбол, шахмат, арқан тартыс, асық ату, үстел теннисі, жүгіру, тоғызқұмалақ, футбол сынды спорттың 8 түрінен сайысқа түсті.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахадден сөз алып жеңіске жеткен спортшыларды марапаттады.
– Қаратөбе ауданы бойынша дене шынықтыру және спортпен үнемі шұғылданатын халықтың үлесін 30 %-ға жеткізу бойынша түрлі жарыстар атқарылуда. Денсаулықты сақтауға, салауатты өмір салтын насихаттауға және аудан халқының денсаулығын қорғауға, нығайтуға ерекше назар аудару - басты мақсаттарымыздың бірі.
Құрметті спортшылар жарыс барысында командаларыңызға қосқан үлестеріңіз бен сіңірген еңбектеріңіз үшін зор ризашылығым білдіремін. Спортты серік еткен, еліміздің даңқын асқақтатар спортшыларымыздың қатары артып, өлкемізде дені сау, салауатты өмір салтын ұстанатын жастарымыз көбейе берсін, -деді.
Жарыс қорытындысында жалпы командалық есепте 194 ұпаймен Мұхит мектебі командасы жүлделі ІІІ орынға ие болса, 196 ұпаймен Балалар жасөспірімдер спорт мектебінің командасы ІІ орынға табан тіреді. Ал 208 ұпаймен Қ.Жұмалиев атындағы мектеп гимназиясы командасы үздік атанып, І орынды жеңіп алды.
Сонымен қатар жекелеген аталымдар бойынша үздік спортшылар марапатталды.