Соңғы жылдары көктемгі су тасқыны Қаратөбеліктерді біраз әбігерге салуда.

Соңғы жылдары көктемгі су тасқыны Қаратөбеліктерді біраз әбігерге салуда.

Соңғы жылдары көктемгі су тасқыны Қаратөбеліктерді біраз әбігерге салуда. Сол себепті ауданда көктемгі су тасқынының алдын алуға бағытталған дайындық жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы сол қателік қайталанбас үшін қазірден бастап аудан бойынша өзен-көлдердің арналары мен жағалаулары бекітіліп, бөгеттер жаңартылып жатыр. Су тасқыны қаупін азайтып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құзырлы мекемелер тарапынан су тасқынына қарсы дайындық шаралары басталды. Осы орайда көтемгі су тасқынының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Шайжановпен сұқбаттасқан едік.

– Алдағы көктемгі су тасқынына дайындық негізінде Қоржын ауылындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру бойынша ЖСҚ жасақталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстың 90% аяқталып, екі жерден су өткізгіш құбырлар салынуда. Жоба құны 150,6 млн теңге болды.

Бөгеттің жалпы ұзындығы – 3,7 км, биіктігі -3,2-3,9 метр, табаны-10 метр, жоғарғы жағының ені – 4 метр. Жоба мердігері «Брат-М». Сондай-ақ бұндай жұмыстар Үшағаш, Сулыкөл, Үшана ауылдарында жалғасын тауып, қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру мақсатында аудандық бюджеттен 18,0 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда Сулыкөл, Үшана ауылдарындағы қорғаныс бөгеттерді бекіту жұмыстары толығымен аяқталды. Үшағаш ауылындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстарына дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар Шалғын ауылындағы Шилі өзенінің бұрылыс тұстары, мұз кептелетін жерлері кеңейтіліп, арық қазылды.

Қазіргі таңда ауқымды жұмыстар Қаратөбе ауылында жүргізіліп жатыр. Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында Қаратөбе ауылы іргесіндегі Қалдығайты өзенінің арнасын бұру жұмыстары жүргізілді. Шаруашылық әдіспен арнаға дамба салу жұмыстары аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесі мен жергілікті демеушілердің техникалары арқылы жүргізілуде, - деді аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Мерекеұлы.