
Дайындық жұмыстары талқыланды
Батыс Қазақстан облысы аумағында 2024-2025 жылдардың қысқы кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес қазан айының 31-і күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының төрағасы Қадыржан Сүйеуғалиевтың төрағалығымен өткен комиссияның кезектен тыс отырысында екі мәселе қаралды.
Отырыстың күн тәртібіндегі күзгі-қысқы кезеңге дайындық, кезеңдерді апатсыз өткізу және ықтимал шығындарды азайту мәселесін қарау туралы аудандық тұрғын –үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөілімінің басшысы Марат Кариевтің, аудандық коммуналдық кәсіпорын директоры Нұрлан Молдағалиевтың, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мэльс Искаковтың баяндамалары тыңдалды.
Халықты ауыз сумен үзіліссіз қамту басты мәселе. Осыған қатысты жұмыстардың кедергісіз жүргізу үшін алдымен қажетті қосалқы су сорғылары, су айдағыштар, жарық өшкен кезде электр қуатын беретін генераторлардың болуы шарт.
Қаракөл ауылдық округінің әкімі Эльдар Амантаев округ орталығын ауыз сумен қамту жұмысына байланысты ауылда жарық өшкен кезде су берілетін орынға электр қуатын беретін генератордың қажет екендігін, Қоскөл ауылдық округінің әкімі Әділет Мусағалиев ауыл ішіндегі басқа мекемелерге кедергі жасамайтындай етіп, ауыз су құдығына дербес электр сымын тарту қажеттігін назарға салды.
Аудандық коммуналдық кәсіпорын директоры Н.Молдағалиевтың айтуынша қазіргі таңда топтық сумен Шөптікөл, Жаңақоныс, Үшағаш, Соналы, Қалдығайты, Үшана елді мекендері қамтылса, Егіндікөл, Қоскөл, Аққозы, Ақтайсай, Саралжын, Жусандыой, Ханкөл елді мекендері жергілікті жерлерінен қазылған құдықтардан сумен қамтылып отыр.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мэльс Искаков: аудандық тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қысқы кезеңде жол тазарту бойынша шарт жасалған ұйымдар техникаларының жарамдылығын, инертті материалдардың қажетті мөлшері болуын және жылыту пункттерін дайындыққа келтіруді, «Бақыт жолдары» ЖШС-мен және Қоскөл ауылдық округіндегі «Ақжол» кемпингін жылыту пункті ретінде пайдалану мақсатында келісім-шартқа отыруды, әлеуметтік нысандарда және елді мекендерде төтенше жағдай орын алған жағдайда жөндеу жұмыстарын уақытында атқару үшін жоғары өтімді техника дайындау мәселесін қарастыруды, Республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын уақытылы тазалап, көлік қатынасын үздіксіз қамтамасыз етуді, ауылдық округ әкімдеріне қысқы кезеңде елді мекендерден қар шығару жұмыстарын ұйымдастыруды, аудандағы барлық автономдық электрогенераторлардың жарамдылығын үнемі бақылауда ұстауды, шаруа қожалықтарының жетекшілеріне мал бақташыларын ауа-райы бұзылған кезде далаға шығармауды, дауылдың алдын алу хабарламасын үнемі қадағалап отыруды, жоғары өтімді техникаларды кезекшілікке қою мәселесін, аудандық метео бекетіне алдын алу шараларын қабылдау үшін мүдделі мемлекеттік органдарға ауа-райы болжамдары мен дауылды ескертулерді алдын ала ұсынуды қамтамасыз етуді, аудандық полиция бөліміне ауа-райының нашарлауы туралы дауылды ескерту алған кезде қойылған полицияның уақытша бақылау-өткізу бекеттерінің орындарын айқындау және көлік құралдарының жүруін тоқтату немесе уақытша шектеу қағидаларына сәйкес автокөліктердің жолға шығуына жол бермеу мәселелерін 2024-2025 жылдардағы қысқы кезеңде жолдарда және коммуналдық қызмет көрсету, тіршілікті қамтамасыз ету обьектілерінде төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша хаттамалық шешімге енгізуді ұсынды.
Комисия отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе «Қаратөбе ауданы әкімінің 2024 жылғы 27 наурыздағы Қаратөбе ауданы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы №13 шешімінің күшін жою туралы аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы Нұржан Сахиповтың хабарламасы тыңдалды. Екінші мәселе бірауыздан келісілді.
Аудан басшысы, комиссия төрағасы Қадыржан Орынбасарұлы аудандағы құзырлы орындардың басшылары мен ауыл әкімдеріне басты мәселе төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды үлкен жауапкершілікпен тиянақты жүргізуді тапсырды.