Қаратөбеде Республика күні мерекесіне орай оқушылар арасында «Көк тудың желбірегені» атты аудандық ақындар айтысы өтті.
Айтысты Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығы мен балалар шығармашылық үйі ұйымдастырды.
Дүбірлі айтысқа 14 балғын ақын қатысып, шымкесте өлең өрнегін төгілтіп, сөз маржанын терді. Айтысқа сусап келген тұрғандар сөзден қамшы өрген арқалы жас ақындардың өнеріне тәнті болды.
Оқушылар арасында өткен «Көк тудың желбірегені» атты айтыстың Бас жүлдесін Мұхит ЖОББМ-нің атынан қатысқан Құдайберген Жалғасов жеңіп алды. Аламан айтыста жоғары деңгейде өнер көрсеткен Мұхит ЖОББМ-нің атынан қатысқан Досқан Бекболатұлы жүлделі І орынды иемденсе, ІІ орынды Саралжын ауылының намысын қорғаған Мансұр Олжағалы, жусандыойлық Райымбек Жайылханұлы еншіледі. Сөз сайысында ІІІ орынға Қаратөбе балалар шығармашылық үйінің атынан қатысқан Қуаныш Мейрамбекұлы, соналылық Айдар Темірбекұлы тұрақтады.
Сөз додасына түске барлық жас ақындар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.