
Бірлік бар жерде, тірлік бар
Қазан айының 22-сі күні Аққозы ауылдық округінде аудан және округ әкімінің есепті кездесулері жалғасты.
Жиналыстың күн тәртібіне сай аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, ауыл әкімі Асхат Тойшыбаев Аққозы ауылының халқы алдында ағымдағы жылдың 9 айында жасалған жұмыстары жөнінде есеп берді.
– Аққозы ауылдық округі бойынша көктемгі тасқын судың алдын алу жұмыстары ағымдағы жылдың 23 наурызынан бастап ауыл ішіндегі су ағатын жолдарды, ауыл тұрғындарының үйлеріне су кіру қаупін жою мақсатында жұмыстар жүргізіле бастады. Сонымен қатар ауыл еріктілерінен құралған топпен бөгет айналасына қапшыққа құм толтыру жұмыстары жүргізілді. Наурыз айының 27 күні сағат 10:00 шамасында Жақсыбай өзенінің суы арнасынан шығып, Қоржын ауылына кірме жолдың 9-11 шақырымында жол қозғалысы үзілді. Ауылды қоршап тұрған бөгеттің басына ауылдың еріктілерімен құм толтырылған қапшықтармен суды бөгеуге тырысқанымызбен, келген тасқын судың қарқыны өте қатты болғандықтан сағат 11:00-де ауыл тұрғындарына ескертіліп, Аққозы ЖОББМ-не эвакуация басталған болатын. Күндізгі сағат 13:30-да Қоржын ауылын түгелдей су басты. Су тасқыны кезінде эвакуациялау пунктіне жете алмаған ауыл тұрғындарын ауданнан, облыс орталығынан келген ТЖ құтқарушылары қайықпен түңгі сағат 02:00 ге дейін құтқару жұмыстарын жүргізді.
28-29 наурыз күндері ҚР Қорғаныс министрлігі Ақтөбе әскери әуе күштері бөлімінің 2 (екі) тікұшағының көмегімен 288 тұрғын Қоржын ауылынан аудан орталығындағы Қ.Жұмалиев атындағы мектеп-гимназиядағы эвопунктке қоныстандырылды. 25 сәуір күні ауыл тұрғындары өтініштері бойынша Қоржын ауылына көшірілді.
Су тасқыны салдарынан зардап шеккен Қоржын ауылының тұрғындарына Үкімет тарапынан, қоғамдық ұйымдардан, бүкіл еліміздің халықынан гуманитарлық және қаржылай көмек көрсетілген болатын. Атап айтатын болсақ, су тасқынан зардеп шеккен 114 үй иелеріне бір реттік материалдық көмек ретінде 100 АЕК 369200 теңгеден 42 млн теңге, тұрғындардың тұрмыстық мүліктерін өтеу бойынша 86 өтініш иесіне 27,2 млн теңге қаржылай көмек көрсетілді. Мемлекет басшының тапсырмасы мен ел халқының бірлесе атқарған жанқиярлық еңбектерінің арқасында қиындықтар еңсерілді – дейді ауылдық округ әкімі Асхат Жәнібекұлы
Аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлының айтуынша алдағы көктемдегі тасқын суға қарсы біраз жұмыстар қолға алынған.Үшағаш, Сулыкөл, Үшана ауылдарындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру мақсатымен аудандық бюджеттен 18,0 млн теңге бөлініп, Сулыкөл, Үшана ауылдарындағы қорғаныс бөгеттерді бекіту жұмыстары толығымен аяқталған. Үшағаш ауылындағы қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру, Қаратөбе ауылының Алаш көшесінен Датұлы көшесіне дейін арық орнату жұмыстары жүргізілуде.
Аққозылықтар тарапынан біраз мәселелер көтерілді.
Аққозы, Саралжын ауылдық округтерінің тұрғындары үшін Жақсыбай, Қалдығайты өзендеріне көпіру салудың тиімділігі, жол қатынасын ретке келтірудің елді-мекендердің аудан орталығымен қатынасы үшін маңыздылығы айтылды.
Аудан басшысы тұрғындар сауалдарына жауап беріп, айтылған мәселелер бойынша ауыл әкіміне бірқатар тапсырмалар тапсырды.