
Жастар сайысы мәреге жетті
Бүгін Қаратөбе аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстар орталығына 10 толуына байланысты футзалдан ЖРО қызметкерлері арасында ашық турнир өтті.
Аталмыш турнирге Жаңақала, Шыңғырлау, Сырым, Тасқала аудандарының командалары және ауданымыздың жастар командасы қатысып, өзара бақтарын сынады.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев сөз алып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Қадыржан Орынбасарұлы аудан жастарының жетістіктерін айтып, ұжым қызметкерлерін орталықтың құрылғанына 10 жылу толу мерекелерімен құттықтады.
Ашық турнирдың бас төрешісі Ермахан Киікбаев ойынға қатысушы командаларды жарыс ережесімен таныстырды.
Командалар капитандары жеребе суырып, алғашқы ойынды Сырым және Қаратөбе аудандарының командалары бастады.
Командалардың барлығы да сайысқа жақсы дайындықпен келген.
Тартысты ойындардың нәтижесінде І орынды Жаңақала ауданының жастары жеңіп алды. Жеңімпаз команда кубок, диплом, медальмен марапатталып, 50 мың теңгенің сертификатын иеленді. ІІ орынды иеленген Шыңғырлау ауданының жастар командасына кубок, диплом, медаль және 30 мың теңгенің сертификаты табысталды. Ал, ІІІ орынға табан тіреген Сырым ауданының жастар командасы кубок, диплом, медаль және 20 мың теңгенің сертификатын қанжығаларына байлады.
Командалар арасында шебер ойын көрсеткен ойыншылар: Жиенбай Мейрамбаев – «Үздік шабуылшы», Мейрамбек Масалимов – «Үздік қорғаушы», Мирас Айболатов – «Үздік қақпашы», Нұрбек Карбузов – «Үздік ойыншы» аталымдарын иеленіп, диплом және 2 мың теңгенің сертификаттарымен марапатталды.
Жарысқа қатысушы командалардың барлығына алғыс хаттар табысталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімдерін аудан әкімінің орынбасары Сұлтан Жасұлан, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Нұрбол Кеңесов, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Фариза Серік, «Қаратөбе» спорт клубының директоры Бауыржан Шүрмен жүргізді.