Колледждегі «Сабантой»

Колледждегі «Сабантой»

Колледждегі «Сабантой»

«Сабан той» — ұлттық салт-дәстүр ішінде жомарттық пен қайырымдылықты, еңбексүйгіш елдің тағы бір қырын көрсететін еңбек мерекесі.

Бүгін, бұл аталмыш мереке «Кәсіптік бағдар беру» - күніне орай аудандағы бірден-бір кәсіптік білім беретін оқу орны Қаратөбе колледжінде аталып өтті. Мерекелік іс-шарада сөз алған колледж директорының міндетін атқарушы Бауыржан Қалиев жиналған жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтады.

– Бүгінгі іс-шараның маңызы ерекше. Ұлттық салт-дәстүріміздегі жомарттық пен қайырымдылық белгісі , еңбек сүйгіш елдің мерекесі саналатын дихандар мен бағбандардың жинаған өнімдерінен көрініс береді.

Биылғы жылы колледжімізде тігінші, электр және газбен дәнекерлеуші, компьютерлік ақпараттық қамтамасыз ету операторы, құрылыс және әрлеу жұмыстарының шебері, аспазшы мамандықтары оқытылуда.

Студенттеріміздің ұйымдастыруымен бүгінгі Сабантой мерекесінде күзгі жәрмеңке ұсынылып отыр. Баршамыз болып ұлы дала дәстүрін ұлықтайық!, – деді Бауыржан Мәлікмағзарұлы.

Іс-шара барысында сахнада колледж студенті Тоқтар Наурызұлы «Мен қазақпын», ауданға танымал әнші Мереке Сағидуллин жерлес әнші-сазгер Ескендір Хасанғалиевтің «Ауылым әнім» әнін орындап көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Мерекеге орай ұйымдастырылған жәрмеңеде сүт, ет өнімдерінен дайындалған тағамдар, бау-бақша өнімдері қолдан тоқылған тоқыма бұйымдары мен тігілген киім-кешектер көрініс тапты.

Аулада орнатылған ошақтағы қазанда ас пісіріліп, самауырға шай қайнатылды. Сабантойға қатысушы оқушылар колледж аутобусымен тасымалданды.

Колледж ауласында бой көтерген киіз үй ішінде іс-шараға қатысушыларға арналған дастархан мәзірі ұйымдастырылып, сабантойға қатысуға келген мектептің жоғары сынып оқушылары шай ішіп, тағамдардан дәм татты. Мұхит атындағы ЖОББМ-нің 9 сынып оқушылары, колледж стундеттері және ұстаздары көтеріңкі көңілмен қосылып әуелете ән шырқады.

Тартымды өткен «Сабантой» мерекесі садақ ату ойынымен мәреге жетті.