
Қаратөбелік желаяқтар мен алыптар танылған күн
Бүгін аудан орталығындағы аллеяда «Алтын ғасыр» марафоны мен ауданда алғаш рет ұйымдастырылып отырған «Алыптар сайысы» оздырылды.
Спорттық іс-шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан сөз алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайыс ең әуелі марафоншылар жарысынан басталды.Марафонға қатысушы спортшылар Қаратөбе ауылынан қалаға шығатын жолдың 5 шақырымын жүгіріп өтіп, орталық аллеядағы мәре сызығына жетті.
Ең бірінші болып мәре сызығын жусандыойлық желаяқ спортшы Жұмабек Бақсыбаев аттады.
Көрермендердің зор ықыласына бөленген «Алыптар сайысында» жарысқа қатысушылар ішіне құм толтырылған 50 келі қапшықты және 65 келі тасты көтеруден, ауыр дөңгелекті аударып жылжытудан, ГАЗель аутокөлігін сүйреуден сайысқа түсті.
Аутокөлікті орнынан қозғап, оны белгіленген мәре сызығына дейін сүйреген қаратөбелік алыптардың өнері көрермендерді тәнті етті.
Жарыс қорытындысында марафоннан І орынды жеңіп алған жусандыойлық Жұмабек Бақсыбаев диплом және медальмен марапатталып, 15 мың теңгенің сертификатына ие болды. ІІ және ІІІ орындарды иеленген егіндікөлдік Жангелді Жұбанов пен Мейрамбек Батырбаев екінші және үшінші дәрежелі дипломдар, медальдармен, 10 мың, 5 мың теңгенің сертификаттарымен марапатталды. IV және V орындарға ие болған алакөлдік Ғибрат Едігеев пен саралжындық Амантай Нұрсәт 5 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Көрермендерге ерекше әсер берген «Алыптар сайысының» қорытындысында күш аталары танылды. Аталмыш сайыста бірінші орынды жеңіп алған Соналы ауылының алыбы Еркін Қайсаров жеңімпаз атанып, бірінші дәрежелі диплом, медальмен және 30 мың теңгенің сертификатымен марапатталды.
Екінші орынды иеленген қаратөбелік Наурызбек Шұқановқа екінші дәрежелі диплом, медаль және 20 мың теңгенің сертификаты, үшінші орынға табан тіреген қаратөбелік Серікқали Бақытовқа ІІІ дәрежелі димплом, медаль және 10 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Жарыс жеңімпаздарын марапаттау рәсімін аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Аманшаұлы жүргізді.
Аутокөлікті сүйреп, белгіленген мәре сызығына аз ғана уақыт ішінде жеткізген егіндікөлдік Өркен Нұғмановтың мықтылығына көрермендер риза болды.