
Еңбек ардагерлерімен жүздесті
Қаратөбе орталықтандырылған кітапхана жүйесінде қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күніне және 1 қазан – Халықаралық Қариялар күні мерекесіне орай «Сіздің жетістігіңіз – бізге өнеге» атты тағылымы мол, асыл да ардақты қарапайым еңбек ардагерлерімен дөңгелек үстел өтті.
Көпті көрген данагөй қариялардың өнегелі өмірін үлгі ете отырып, ғибрат боларлық сөздерін бойларына сіңіріп, жастарға ұлттық тәлім-тәрбиені насихаттау бағытында оздырылған шара жоғары деңгейде өтті.
Тағылымды шара аудандық кітапхана жүйесінің директоры Нұржамал Берниязованың құттықтау сөзімен басталды. Кездесуге арнайы шақырылған ардагер қариялар өздерінің жүріп өткен еңбек жолдары туралы жиналған жастарға айтып өтті.
Шарада сөз сөйлеген туризм саласының ардагері Мәжит Нүрекешов, мәдениет саласының ардагері Бейбіт Сағынғалиев, ауданның түрлі салаларында еңбек еткен Тілес Төлеуов, Максим Елекеновтер өнегелі еңбек жолдары туралы баяндап, жастарды білімді болуға, еңбекқор, алғыр, мейірімді болуға шақырды.
Кеш барысында кітапхана оқырмандары жыр шумақтарын арнаса, Оралбек Набиолла «Әке толғауы» күйін шертіп, Рүстем Ақташев «Ауылым аңсарым» әнін шырқап қонақтардың көңілінен шыға білді.
Арнайы шақырылған қонақтар мен кітапхананың тұрақты оқырмандары Сәния Шәңгерейқызы, Ақлима Байтанқызы жылы лебіздерін жеткізді. Тартымды өткен басқосуда мәдениет саласының ардагері Бейбіт Сағынғалиев «Ағаларым» әнін шырқап берсе, қаратөбелік Жалғас Темірғалиев атамыз жастарға арнап бата берді.
Кеш соңында кітапхана басшысы Нұржамал Сәрсенқызы келген қонақтарға алғысын айтып, шағын сый-сияпат табыстап, дастарханнан дәм татуға шақырды.