
Қаратөбеде кешенді оқу-жаттығу өтті
Жол апаты, өрт, су тасқыны, жұқпалы аурулар. Бұлардың барлығы – өмірімізде таныс жағдайлар. Қауіпті болжай алмайтындығымыз анық. Дегенмен, төтенше жағдайларға дайындық жұмыстары қоғам үшін аса маңызды.
25-27 қыркүйек аралығында Қаратөбе ауданы аумағында табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою кезінде құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды дайындау және жүргізуге арналған азаматтық қорғау басқару органдарымен кешенді оқу-жаттығу өткізілді.
Оқу-жаттығудың алғашқы күні аудандық мәслихатының мәжіліс залында оқу-жаттығу басшысы, Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Шайжановтың төрағалығымен оқу-жаттығу теориялық іс-шаралар түрінде басталды.
Қаратөбе ауданының АҚ басқару органдарына дәріс жүргізіліп, кіріспе тест алынды. Теориялық іс-шараға ТЖ комиссияның құрамы, эвакуациялық комиссияның құрамы, ауданның азаматтық қорғау қызметтерінің басшылары, азаматтық қорғау құрылымдарының басшылары қатынасты.
27 қыркүйекте Қаратөбе ауданының орталығында таңғы 9 да дабыл қағылып, аудандағы арнайы азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығы тексерілді.
Саптық тексерісте арнайы құрылымдар дайындығын Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Махмуд Таңатов, Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Шайжанов, Қаратөбе аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мэлс Искаков тексерді.
Төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған оқу-жаттығу жұмыстары барысында аудан орталығында адамдар көп жиналатын орындардағы өрт және адамдарды эвакуациялау, энергиямен жабдықтау жүйелеріндегі апат, ірі қара мал ауруының жұқтыру ошағын дезинфекциялау, өртті жол-көлік оқиғасын жою, улы химикаттың ауаға тарауы, дала өртін ауыздықтау, су тасқыны кезінде азаматтық қорғаныс қызметінің әрекеті пысықталды.
Жиын қорытындысында бірқатар азаматтық қорғау қызметінің басшылары жоғарғы деңгейдегі дайындығы үшін алғыс хаттармен марапатталды.