
«Тіл – татулықтың туы»
Бүгін аудандық отралықтандырылған кітапхана жүйесінде Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл – татулықтың туы» атты мерекелік шара өтті.
Мерекелік шарада аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешов құттықтау сөз сөйлеп ашып, ана тілімізді кеңінен насихаттау, оның қолдану аясын кеңейту және дамыту бағытында пікірімен бөлісіп:
– 2017 жылдың 31 қазанында Үкімет Қаулысымен 5 қыркүйек Қазақстан халқының тілдері күні болып бекітілген. Аталмыш елеулі мерекеге орай елімізде көптеген шаралар жүргізілуде.
Тіл – халықтың жаны, рухани байлығы, асыл қазынасы. Халқымызда «Тіл – атадан қалған асыл мұра» деген аталы сөз бар. Ана тілін сүйетін адам Отанын сүйеді. Тіліміздің қадір-қасиетін арттырып, дамыта берейік, - деді.
Кезегінде сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден:
– Туған тіліміздің мәртебесін көтеріп, абыройын асқақтату, қолдану аясын кеңейте түсу – әрбір азаматтың қасиетті борышы.
Тілсіз – елдің өмір сүруі мүмкін емес, тілі жоғалған ел жер бетінен жойылады. Ана тілімізді дамыту, тіл тазалығын сақтау, оның қолданыс аясын кеңейту бағытында жұмыстануға тиіспіз, - деп тілімізді кеңінен насихаттаушы Мерей Амангелдиев пен Білжан Жамбылқызына Батыс Қазақстан облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиевтің атынан және өз атынан Ақбота Ерланқызы, Гүлжанат Алтайқызына алғыс хаттар табыс етті.
Аудандық мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздарының орындауындағы әсем әндер оқырман қауымға көтеріңкі көңіл сыйлады.