Қарадан хан болған Сейіл

Қарадан хан болған Сейіл

Қарадан хан болған Сейіл

Бүгін Алматы, Шымкент,Орал қалаларынан, сонымен қатар облысымыздың Новенкий ауылынан, Теректі, Казталов, Бөкейордасы және тағы да басқа аудандарынан, аудан орталығы Қаратөбеден келген меймандар 1868-1869 жылдары қазақтың жері үшін ұлт-азаттық көтерілістің басшысы болып, Қарадан хан болған, батыр Сейіл Түркебайұлының ерлікпен қаза тапқанына 155 жыл толуына орай Саралжын ауылында ұйымдастырылған іс-шараға қатысты.

Іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған, бұрын Саралжын Кеңшарының директоры болып қызмет жасаған еңбек ардагері Зарлық Мусин мәдениет үйінің алдындағы жазғы сахнаға жиналған жұртшылықты «Түркебай» қорымындағы Cейіл Түркебайұлының зиратына бастап апарып, тарихта аты қалған Сейіл батырдың әкесі Түркебай Өтесұлы туралы қысқаша әңгімелеп берді.

Сейіл Түркебайұлының шөбересі Баяздың қыздары Ажар, Айжан, Зәмзә апайлар зират басына ақтық байлап, құран бағыштады.

Жазғы сахнада аудан өнерпаздарының халықтың сенімі мен құрметіне бөленген Сейіл Түркебайұлын ақ киізге отырғызып хан қылып сайлағаны туралы театрландырылған көрінісі керемет сомдалды.

Одан кейін сахнаға көтерілген белгілі жыршы, термеші Фархат Оразов Сейіл Түркебайұлының ерлігі мен шешендігі, тапқырлығы, мықты садақшы және палуандығы турасында Мағзом Оразалиевтың жазған жырын орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Саралжын ауылының тумасы, Сулыкөл ауылдық округінің шаруа қожалығының жетекшісі Нұрболат Темірбайұлы сағаттан астам уақыт жыр орындаған Фархат бауырымыздың иығына шапан жауып, ат мінгізді. Сонымен бірге Сейіл ханның шөбересі Баяздың қыздары жыршы Фархат пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Набиоллаұлының иығына шапан, осы іс-шараны ұйымдастырушы Зарлық Жекейұлының иығына күрте, атаулы шараға арнайы шақырылған Қайыржан ағамыздың зайыбы Рысты Хакімқызы апамыздың иығына камзол жапты. Зарлық Жекейұлы шараға белсене қатысқан аудандық мәдени-демалыс орталығы директорының міндетін атқарушы Аяжан Исмагулова мен Орал қаласынан келген Саралжын ауылының тумасы, белгілі тарихшы Жаңабек Жақсығалиевке, Саралжын ауылдық округінің әкімі Самғат Зейнуллинге алғысхат табыстады. Келген меймандарға ауылдағы «Мәдина» тойханасында ас беріліп, құран оқылды.

Осы шараны ұйымдастыруға өздерінің үлестерін қосқан азаматтар мен азаматшаларға алғысхаттар табысталды.

Тойханадағы ас беру рәсіміне қатысушы Орал қаласынан келген өлкетанушы Тілекқабыл Сағынов ағамыз бен тарихшы Жаңабек Жақсығалиев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Меңдешов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рамазан Қыдырашев және бір топ меймандар, Саралжын ауылының азаматтары мен азаматшалары сөз алып, өздерінің жылы лебіздерін жеткізді.