
Сенат депутаттары Қаратөбеде
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Арман Өтеғұлов, Ләззат Рысбекова, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан жұмыс сапарымен Қаратөбе ауданына қарасты Қоржын ауылында болды. Сапар барысында Қоржын ауылында салынып жатырған 90 үйдің құрылысымен танысты.
Халық қалаулылары көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арнап салынып жатырған үйлердің сапалы болуына баса мән берілуі қажеттігіне тоқталып, құрылыс нысандарын аралады.
Құрылыс жұмыстарымен танысқан депутаттар, мердігер компания басшыларымен жүздесіп, үйлердің барлық талаптарға сай салынуын атап өтті.
Қазіргі таңда үйлердің қабырғасы қаланып, шатыры жабылған, ішкі әрлеу жұмыстары жүруде.
– Тасқын судан зардап шеккен Қоржын ауылы халқына салынып жатырған тұрғын үй құрылысымен таныстық. Мердігер компанияларда жергілікті және көршілес ауылдардан келіп құрылысшылар жұмыстануда. Жұмыс сапасы жақсы. Құрылыс қарқынды жүрсе тамыз айының аяғында тапсырады деген сенімдеміз. Мемлекет басшысының айтқан тапсырмалары орындалып жатыр деп есептеймін, -деді Сенат депутаты Арман Өтеғұлов.
Аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, облыстық құрылыс басқармасының орынбасары Нұркен Молдашев сапар барысында халық қалаулыларымен бірге жүрді.