
Қаратөбеде аудандық ашық біріншілік өтті
Шілденің 24-і күні ауыл сыртындағы көкпар алаңында қыркүйек айында Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қолдау көрсету мақсатында Дәстүрлі садақ атудан аудандық ашық біріншілік өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Салахаден, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллиндер облыстың Бөрлі, Бәйтерек, Жәнібек, Сырым, Жаңақала аударынан келген жарысқа қатысушы қонақтарды қарсы алып, көкпар алаңында бой көтерген киіз үйде жайылған ақ дастарханға шақырды.
Атаулы біріншіліктің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан сөз алып, садақшыларды спорттық іс-шараның ашылуымен құттықтады.
– Қыркүйек айының 8-і мен 12-cі аралығында Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қолдау көрсету мақсатында дәстүрлі садақ атудан ауданның біріншілігін ұйымдастырып отырмыз. Садақ ату – халқымыздың ежелден қанында бар өнер. 2019 жылы Республикалық Дәстүрлі садақ ату федерациясы құрылса, аталмыш федерация биылғы жылы ауданымызда құрылды. Шыдамдылықты, жүйкенің мықтылығын, өткір көз бен күш-қуатты талап ететін бұл ойын түрі бүгінде елімізде қанатын кең жаюда.
Ұлттық өнерімізді дәріптеп, насихаттауға атсалысып, осы біріншіліктің өтуіне қолдау көрсеткен «Соба» шаруа қожалығының жетекшісі Есбол Талапов пен «Мақсат» шаруа қожалығының жетекшісі Ғабит Махановқа айтар алғысымыз шексіз. Құрметті қонақтар Қаратөбе ауданына қош келдіңіздер! Жеңіске қол жеткізулеріңізге тілекшімін. Сәттілік болсын, – деді Жасұлан Карелұлы.
Сахна төрінде сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысының Дәстүрлі садақ ату федерациясының төрағасы Асхат Ищанов ауданда дәстүрлі садақ ату біріншілігін ұйымдастырған аудан басшылығына, мәдениет саласына, келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, аталмыш біріншілік садақ атудан «Пұта», «Қалқан», «Жамбы» нысаналары бойынша өтетіндігін айтып, ойындар ережелерімен таныстырды.
Жарысқа қатысушылар алдында жас әнші Нұргүл Нұрбекқызы «Ақ көңіл қазағым-ай» әнін шырқап, сахна айналасына жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Ауылдың ақсақалы, қаратөбелік Аманжан Әнесов ағамыз жарысқа қатысушыларға сәттілік айтып, ақ батасын берді.
Таңнан кешке дейін өткен жарыстың қорытындысында 70 метрден «Пұта» нысанасы бойынша қаратөбелік Бауыржан Шүрмен жарыс жеңімпазы атанды. Осы нысана бойынша ІІ орын ақсайлық Нұрсұлтан Тәжіғалиевке бұйырса, ІІІ орынды оралдық Зейнет Ақжол иеленді.
Қыздар арасындағы «Қалқан» нысанасынан І орынды оралдық Әсемгүл Ғалымжанова жеңіп алса, жүлделі ІІ орынды жаңақалалық Ақерке Сансызбаева бағындырды. ІІІ орынға жәнібектік Мөлдір Жолдасова табан тіреді.
Біріншіліктің «Қалқан» нысанасы бойынша 60 метрден ақжайықтық Асылан Садуллаев бірінші орынды жеңіп алды. ІІ орынды оралдық Азамат Қаниязұлы иеленсе, ІІІ орынға жәнібектік Исламбек Дүйсекешов табан тіреді.
30 метрден «Жамбы» атудан алдына жан салмаған жәнібектік садақшы Мөлдір Жолдасова І орынды жеңіп алып, жарыс жеңімпазы атанды. Екінші орынды оралдық Әсемгүл Ғалымжанова еншіледі. ІІІ орынға қаратөбелік Зина Валерий табан тіреді.
«Жамбы» нысанасы бойынша ақсайлық мерген Нұрсұлтан Тәжіғалиев жарыс жеңімпазы атанды. Екінші орынды Райымбек Каракулиев бағындырды. Ал, қаратөбелік мерген Жасұлан Рамазанов ІІІ орынға табан тіреді.
Осы "Жамбы"нысанасынан екінші орынды иеленген "Садақ Орал" клубының жетекшісі Райымбек Каракулиев біріншіліктің өз деңгейінде өтуіне белсене ат салысқан "Қаратөбе" спорт клубының әдіскері Ермахан Киікбаевқа жарыстан алған сыйлығын табыс етті.
Марапаттау рәсімдерін аудан әкімінің орынбасары Ж.Сұлтан, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы М.Салахаден, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Сафуллин жүргізді.