
Қазақстан Премьер-Министрі Қоржын ауылында болды
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов су тасқыны салдарынан зардап шеккен Қоржын ауылына жұмыс сапармен келді.
Мұнда қираған үйлердің орнына бір пәтерлі 90 тұрғын үй салынып жатыр. Іргетас құрылысы бойынша жұмыс толығымен аяқталған. Бүгінгі таңда 34 үйдің қабырғасы тұрғызылып, 56 үйдің төбесі жабылып жатыр. Нысандардың жалпы дайындығы 50%-ға жетеді.
Олжас Бектенов салынып жатқан құрылыстардың сапасына ерекше назар аударды. Қоржын ауылында 6 мердігер ұйым жұмыс істейді. Құрылыс-монтаждау және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу кезінде бекітілген құрылыс нормаларының талаптары бұзылған жағдайда құрылыс компаниялары жауапкершілікке тартылатыны атап өтілді.
Жобаға сәйкес үйлерде қалыңдығы 400 мм таспалы іргетас қарастырылған, іргетастың түбінен биіктігі 1500 мм болады. Қабырғаларды тұрғызуға қапталған силикатты қызыл кірпіш, керамзитті блок, минералмақта плитасы қолданылуда. Сондай-ақ жобада инженерлік желілерді жүргізу көзделген.
Премьер-Министр құрылыс-жөндеу жұмысы барысында отандық өндіріс материалдарын пайдаланудың маңызын атап өтті.
- Жұмыста кемшіліктер болмауы керек. Мемлекет басшысы үйлердің тиісті сапасын қамтамасыз етуді тапсырды. Тұрғын үйлерді барлық инженерлік желілерге бірден қосу қажет. Бұл ретте жол инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандарды тезірек қалпына келтіруді қамтамасыз ету маңызды. Ауруханалар, мектептер мен балабақшалар сапа мен техникалық жарақтандырудың заманауи талаптарын ескере отырып салынуы керек, - деді Олжас Бектенов.