Ақпарат

Ақпарат

Домбыра үні ұлықталды

Ұлттық домбыра күніне орай орталық алаңында аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Домбыра - асыл мұра» атты мерекелік шара өтті.

Шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін жандандыруда бұл күннің алар орны ерекше. Алпыс екі тамырды идіріп, ет жүректі елжіреткен қоңыр домбыраның киелі үні кез келген жан баласын таңғалдырмай қоймас.

Мерекелік жиында сөз алған аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев:

– Сіздерді Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қос ішекті қара домбыраның үнінде Ұлы даланың тамыры терең тарихы мен сан ғасырлық шежіресі бар. Қазақтың бекзат болмысы мен асыл қасиеттері қашанда әнмен әрленіп, күймен көмкерілген. Халқымыздың төл өнерін төрімізден түспеген домбырасыз елестету мүмкін емес. Ұлттық рухты күмбірлеген күйден артық көтеретін дүние кемде кем. Жоралы жұртымыздың қатпар-қатпар тарихынан, асу да асу кезеңінен сыр шерткен күй-толғау, сыңғырлы сұлу ән-әуен құлағымыздан кетпесін, халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы – Домбыра төрімізден түспесін!

Қазақтың дәстүрлі ән-күйін насихаттап жүрген барша өнерпаздарға алғыс айтамын, - деді аудан басшысы.

Мерекелік шарада ел руханияты мен дәстүрлі өнердің дамуына және жас буынға насихаттауға қосқан құнды үлестері үшін Бекболат Өтепұлы, Нұртас Набиоллаұлы марапатталды.

Ал Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Батыс Қазақстан облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиевтің алғыс хатымен Гүлнара Боранбайқызы, Қыдырнияз Құбаниязұлы марапатталды.

Шара аудандық мәдениет үйі әншілерінің концерттік бағдарламасына ұласты.