
Қаламы қарымды қаламгерлерге құрмет
Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев аудандық «Қаратөбе өңірі» газеті редакциясының ардагерлері мен сала қызметкерлерін қабылдап, оларды мерейлі мереке Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтады.
Қаламы қарымды, жазғаны жалынды журналистерді құттықтаған аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев:
– Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдары зор маңызға ие тегеуірінді күш. Ел өміріндегі елеулі оқиғаларды халыққа жеткізіп, рухани сұраныстарды қанағаттандырып жүрген журналистер қауымын қоғам ерекше қадірлейді. Шекпенінен шын мықтылар шыққан Шерхан Мұртаза: «Журналистің арқалағаны алтын, жегені жантақ»-деп журналистер жұмысына дәл сипаттама берген.
Мемлекет басшысы жуырда ғана «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғаны баршамызға белгілі. Нақтырақ айтқанда, бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғым қоғам өміріне енуде. Аталған Заң Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұраныстарын және медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау туралы берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Жаңа Заңға «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңдардың негізгі ережелері енгізілген, сондай-ақ, бірқатар тың ережелер қарастырылған. Журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер белгіленген. «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді.
Осы мереке қарсаңында ауданымыздың, қала берді облысымыздың тарихында өзіндік орыны бар аудандық «Қаратөбе өңірі» газеті елмен бірге түлеп, абыройы асқақ аудан айнасы, ауылдың алтын діңгегі десек те болады, - дей келе 90 жылға таяу газет тарихында өз еңбек жолдарын газетпен байланыстырған редакторлар мен белді қызметкерлердің өлшеусіз еңбектерін атап өтті.
Ардагерлер атынан сөз алған Еркінбек Жәнібеков, Альфия Мұхамедрахимова, Берік Қалкенов және баспаханада қызмет жасаған бірқатар ардагерлер сөз сөйлеп, ерекше құрмет көрсеткен аудан басшылығына зор алғыстарын білдіріп, редакция ұжымын мерекелерімен құттықтады.
Дастарқан басындағы жылы шырайлы мерекелік кездесуде газет ардагерлері қызмет бабындағы қызықты естеліктерімен бөлісіп, ардагерлер мен тілшілерге аудан әкімі атынан құттықтау хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.