
Аудан әкімінің орынбасары Ж.К.Сұлтан аудандық "Қаратөбе өңірі"және "Қаратөбе ұстазы" газетінің тілшілері Серікбай Жәлелұлын,Назгүл Бейбітқызын және Балзира Жәлелқызын мерекелерімен құттықтап,алғыс хат табыстады.
"Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінгі күні еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық қоғамның құрамдас бөлшегі ретінде билік пен бұқараның арасындағы дәнекер ғана емес, еліміздің толағай табыстары мен зор жетістіктерінің жаршысы болып келеді. Техниканың озық үлгілерінің дамыған заманында интернет байланысы, баспасөз басылымдары халықты қажетті ақпаратпен толық қамтамасыз етіп отыр.
Еліміздің руханиятын, мәдениетін көтеріп, тыныс-тіршілігін көрсетіп, жағымды жаңалықтармен сүйіншілейтін біздің ең жақын серігіміз.
Жергілікті газеттер ауданымыздың рухани шамшырағы, ғұмыр айнасы екені баршамызға белгілі. Аудан көлемінде болып жатқан саяси-мерекелік шаралар мен игілікті істердің еш кідіріссіз газет бетінде жарық көруі тұрғындарды ерекше ықыласқа бөлейді. Ауданымыздың тілшілер қауымы қоғам тарапынан артылған маңызды жауапкершілікті абыроймен атқаруда. Сіздер арқылы аудан халқы тың жаңалықтар мен қажетті ақпарат алады.
Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін"-деп өз жүрек жарды лебізін жеткізді.