Бүгін аудандық мәдениет үйінде Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлі қақында түсірілген «Қазақтың Қадыры» атты деректі фильмі көрсетілді.
Қадыр ақын туралы аталмыш деректі фильмді түсіруді Қадыр Мырз Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы өткен жылдың қазан айында қолға алған. Түсірілім тобы 5 адамнан құралған. Топ басшысы, осы идеяны ұсынған Қадыр Мырз Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетов. Елімізге танымал журналист, «AQJAIYQ» телеарнасы директорының орынбасары Гүлмира Тілеубаева, телеоператор Алмас Адиетов, «Атамекен» өнер орталығының дизайнері Мақсат Тұяқ, аталмыш орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Айнабек Бисенғалиев.
Ақынның шығармашылығымен қатар өмірі қақындағы естеліктерінің қызықтырары хақ. Сонымен бірге ақын туралы деректі фильмде шертілер естеліктер де мол.
Деректі фильмдегі елімізге белгілі ақын-жазушы Ілия Жақановтың, республикаға танымал актер Тұңғышбай Жаманқұловтың, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновтың, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақыптың, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегмановтың, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбектің, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемелекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның, ғалым, Халықаралық «Адам» институтының президенті Әкім Жанұзақтың, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, «Жұлдыз» журналы бас директорының орынбасары Қали Сәрсенбайдың, ҚР мәдениет қайраткері, ақын Сейфолла Оспановтың, тілші, ғалым, «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнестің, КАТЭК инженерлік жобалау компаниясының бас директоры Құндыз Нуповтың, ақынның жан-жары Салтанат Мырзалиеваның және қарындасы Күләш Мырзалиеваның айтқан естеліктерін қаратөбелік өнер сүйер жұртшылық ыстық ықыласпен тыңдады.
Деректі фильмде Қадыр ақынның көзі тірісінде айтқан дана сөздері, бірге қызметтес болған замандастарының ақын туралы әңгімелері тамаша көрініс тапқан.
Іс-шарада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының ұжымына өнер жолындағы еңбектері үшін аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиевтың атынан алғыс білдіріп, естелік сыйлық табыстады. Өз кезегінде сөз алған орталық басшысы Серік Тоқмамбетов өнердегі еңбектерін елеп, құрмет көрсеткен аудан басшылығына ризашылығын жеткізіп, сыйлық табыс етті.
Деректі фильм орталық және қаратөбелік әншілердің концертік бағдарламасына ұласты.
Концертте әншілер Қадыр ақынның сөзіне жазылған бірнеше әндерді орындады.
КР мәдениет саласының үздігі, Халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Нұршат Исламғалиев халық әні «Ақжайықты» және «Ата» әнін, ҚР республикасы мәдениет саласының үздігі, Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, әнші-композитор, Қадыр - қазына жобасы аясындағы «Бұлбұл бағы» атты облыстық сазгерлер байқауының жеңімпазы Ербол Ақбасов өзінің «Өмір» атты әнін, Республикалық байқаулардың лауреаты Мәди Сабыр Аққу Байжігіттің «Бақыт» және Әсет Бейсеуовтың «Жол жыры», Қадыр - қазына жобасы аясындағы «Бұлбұл бағы» атты облыстық сазгерлер байқауының І орын жүлдегері, жерлесіміз Марат Тажаяқовтың «Білгіңіз келсе қазақты» әнін Рүстем Ақташев, Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Асланбек Қуаналиев Әсет Бейсеуовтың «Көздер-ай» және Сейдолла Бәйтерековтың «Өмірің өз қолыңда», республикалық байқаулардың лауреаты Алтынбек Базаров Шәмші Қалдаяқовтың «Ғашық күндер» және Елжас Мағзомның «Егерде мен өзіңе жолықпасам», Халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Рустам Хафизов Теміржан Базарбаевтың «Тамаша» және Шәмші Қалдаяқовтың «Тамды ару» әндерін орындап, көрермендердің көңілінен шықты.
Айырықша маңызға ие мәдени іс-шара орталықтың әншілері Мәди Сабыров, Рустам Хафизов, Алтынбек Базаров, Асыланбек Қуаналиевтердің орындауындағы Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен мәреге жетті.