Бүгін «Атамекен» өнер ордасында Қазақстанның Халық әртісі, композитор-әнші, жерлесіміз Ескендір Хасанғалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Асыл арман» музыкалық қойылымын «Атамекен» жастар музыкалық театры сахналады.
Музыкалық қойылымның авторы халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы-драматург Мадина Омарова. Ал идея авторы ҚР еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров, режиссері грузия мемлекетінде өткен Н.Думбадзе атындағы халықаралық театрлар фестивалінің «Үздік режиссері» Гаухар Адай.
Алдымен Ескендір Хасанғалиевтің жұбайы Дарико Хасанғалиеваны аудан басшысы Қадыржан Сүйеуғалиев, ауданның "Құрметті азаматы" ардагер Тілек Сағынов, жерлес ардагер ағамыз Ғарапша Сахипов және бір топ қаратөбеліктер қарсы алып, ыстық ықыластарын білдірді.
“Атамекен” өнер ордасы халыққа лық толып, қойылымда Ескендір ағамыздың бала арманынан қиыр шыңға дейінгі бар ғұмыры бейнеленді. Қойылым халық көңілінен шығып, ерекше қошеметке ие болды.
Қойылымнан соң Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қойылым авторлары мен барлық шығармашылық ұжымға алғысын білдіріп, облыс әкімінің алғыс хатын табыстады.
Сонымен қатар Ескендір Хасанғалиевтің отбасына Ақжайық жұртшылығы атынан құрмет көрсетілді.
Кезегінде Ескендірдің ұлы Біржан Хасанғалиев сөз алып, қойылым үшін шығармашылық ұжымға отбасы атынан ризашылығын білдіріп, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның алғыс хатын "Атамекен" өнер ұжымына табыс етті.
Толық нұсқасын "Қаратөбе өңірі" газетінің 27 ақпан күнгі №9 санынан оқи аласыздар.