Қараша айынан бері жылдың ең үздік жобасына айналып, аудан сахнасында бүлдіршіндерімізге арналған алғашқы жоба «Қаратөбе дауысы. Балалар» жобасы мәресіне жетті. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған шарада қазылар таңдауы бойынша 4 финалистің арасынан Кемеңгер Темірбек үздік шығып, жеңімпаз атанды.
Саралжындық Кемеңгер Темірбек Мерей Амангелдиевтің тобында өнер көрсетті. Жоба жеңімпазы шешуші кезеңнің бірінші айналымында Ғ.Құрманғалиевтің «Ақ сұңқар» әнін орындаса, екінші айналымда тәлімгерімен Е.Серікбаевтың «Мейлі» әнін үздік орындап, бас жүлдеге тігілген 100 000 теңге ақшалай сыйлықты жеңіп алды.
Жобаға 54 үміткер қатысты. Жобаның басты ерекшелігі қатысушылар вокалдық қабілеттеріне қарай таңдалып, 3 кезеңнен сүрінбей өткен 4 балғын финалдық кезеңде бақ сынады. 4 тәлімгер өз шәкірттерін таңдап, оларды жеңіске жетелеу үшін барын салып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Жобаның шешуші кезеңінде Республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Таңат Жексенбаев, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Рүстем Ақташев, әнші Жарқын Байтеміров қазылық етті.
Айта кетейік, үш кезеңнен сүрінбей өткен Шахризада Қайратқызы, (Нұржан Салауат тобынан), Ермұханбет Әлібек (Әділғазы Меңдіғали тобынан) Дана Алмас (Нұргүл Нұрбекова тобынан), Кемеңгер Темірбек (Мерей Амангелдиев тобынан) финалға жолдама алған болатын.
Кешке ақын, хит әндердің авторы, қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Дәурен Ибатұлы, «Қаратөбе дауысы» әнінің авторы, ақын, әнші, сазгер Әділ Ерікқалиұлы арнайы қатысса, «Qazaqstan дауысы. Балалар» жобасы жартылай финалисі Нұрлы Мұстафа әсем әндерін орындады.