«Қаратөбе» спорт клубының жанынан осыдан 3 ай бұрын ашылған ауыр атлетика үйірмесіне қатысушы жасөспірімдер жуырда Ресейдің Орынбор қаласында өткен жарыстан жүлдемен оралды.
Ақниет Асқар 31 келі салмақ дәрежесінде кіші жасөспірімдер арасындағы зілтемір көтеруден 56 келі салмақты бағындырып жүлделі бірінші орынды, салмағы 35 келіге дейінгі жасөспірімдер арасындағы сайыста Дәулет Жақсыбай 53 келі салмақты көтеріп бірінші орынды, 31 келі салмақ дәрежесінде 43 келі зілтемірді көтерген Амангелді Арматұлы екінші орындарды иеленді.
Жасөспірім спортшылар Орынбор облыстық денешынықтыру және спорт министрлігінің грамоталарымен, медальдарымен марапатталды.
– Ауыр атлетика үйірмесі өткен жылдың қараша айында аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Аманшаұлының қолдауымен ашылған болатын. Қазір үйірмеде 10-ға тарта жасөспірім жаттығуда. Жасөспірімдердің жаттығуына жан-жақты жағдай жасалып келеді, Үйірмеге қатысушы зілтеміршілер алдағы өтетін чемпионатқа дайындық үстінде жаттығуда, – дейді жасөспірімдердің жаттықтырушысы Сержан Хамидолла.