Садақ атудан турнир

Садақ атудан турнир
Өткен аптада Шөптікөл мектеп-бөбекжай балабақша кешені Жарылғас Өтебайұлына арналған ұлттық спорт түрі – садақ атудан аудандық турнир оздырылды.
Жарылғас Өтебайұлы 18-19 ғасырларда өмір сүрген. Тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Аллаярұлының «Есенкелді бай» туралы зерттеуінде 1847 ж 26 қаңтарда Жарылғас Өтебайұлы Батпақкөл мекені бастығы деген дерек кездеседі.
Батыр, әулие, садақкер мерген ретінде ел аузында аталады. Қалмақ-жоңғар шапқыншылығынан ел қорғаушы батыр. Елде «Кетпенді жебесі тескен Жарылғас», «Жарылғастың садағын өзінен басқа ешбір адам тарта алмаған», «Атқан жебесін 5-6 км жердегі көлге түсірген (ол жер әлі күнге Жарылғас көлі аталады)» деген әңгімелер бар. Зираты Үшана ауылы маңындағы Батпақкөл қыстағында. Ертеде жұқпалы мал аурулары топалаң т.б. аурулар болғанда осы зират басына түнетеді екен. Әлі күнге дейін адамдар Жарылғас ата басына келіп зиярат етеді, түнейді.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ж.Сұлтан сайысқа қатысушыларына сәттілік тіледі.
– Дәстүрлі садақ ату халқымыздың тарихи жадында сақталған спорт түрі. Жарысты өткізудегі басты мақсатымыз – ауыл жастарына, халыққа ұлттық спорт түрін насихаттау. Дәстүрлі садақ ату спортының бұқаралық сипат алуына үлес қосу. Алдағы уақытта шара жалғасын табады, - деді.
Кезегінде сөз алған ұрпағы Берікқали Муса Жарылғас Өтебайұлының өмір деректеріне тоқталса, Жасұлан Рамазанов жарыс ережесімен таныстырды.
Жарыс қорытындысында Мағжан Серіков І орын алып, жарыс жеңімпазы атанды. Ал Бауыржан Шүрмен ІІ орын алса, жүлделі ІІІ орын Айгүл Орынбасароваға бұйырды.
Жарыс жеңімпаздары ақшалай сыйлықпен марапатталды.