Жаңа орынбасарды таныстырды

Жаңа орынбасарды таныстырды
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында актив жиналысы өтті. Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев аудан активіне жаңадан тағайындалған аудан әкімінің орынбасары Шайжанов Мұхтар Мерекеұлын таныстырды.
– Бүгіннен бастап менің өкіміммен аудан әкімінің орынбасары лауазымына Шайжанов Мұхтар Мерекеұлы тағайындалды. Мұхтар Мерекеұлын өздеріңіз білесіздер. Осы елдің азаматы, осы әкім аппаратында жұмыс істеп кетті. Облыс әкімі аппаратының бас инспекторы болды, қазіргі таңда үлкен бір бөлімнің басшысы. Жас жігіт, білімді, мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Бұл сала үлкен сала, сондықтан елдің азаматтарымен бірлесіп осы саланың жұмысын әрі қарай жүргізеді деген сенімдемін, - деп аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы Мұхтар Мерекеұлын жаңа лауазымымен құттықтап, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Жиналыс барысында аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Меңдешов аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Шайжановқа жылы лебізін білдірді.
– Мұхтар Мерекеұлы жаңа қызметіңізге сәттілік тілеймін. Осы тұрған әріптестердің барлығы Сізді қолдайды. Осы қызметті абыроймен атқарады деп сенеміз. Қадыржан Орынбасарұлы Сізге жақсы маман келді деп есептейміз,- деді Нұрлан Құмарұлы.
Өз кезегінде Мұхтар Шайжанов аудан басшысына сенім білдіргені үшін алғысын жеткізді.
– Осы қызметке лайықты деп сенім білдіргеніңіз үшін рақмет!
Біріншіден барлық білімімді, жинаған тәжірибемді, күш жігерімді сенімдеріңізді ақтау үшін жұмсаймын. Еліміздің даму бағытында бірлесіп жұмыс жасайық дегім келеді. Елге келіп қызмет ету – екі есе жауапкершілік. Сенімдеріңізді ұятқа қалдырмауға тырысамын, - деді.