Қоғамдық кеңесте есеп берді

Қоғамдық кеңесте есеп берді
Қаратөбе аудандық мәслихатының мәжіліс залында аудандық қоғамдық кеңестің кеңейтілген мәжілісі оздырылды. Кеңес отырысында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев, аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Меңдешов, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Рамазан Қыдырашев өткен 2023 жылда атқарылған жұмыстар туралы кеңес алдында есеп берді.
Кеңейтілген қоғамдық кеңес отырысына Рамазан Қыдырашев төрағалық етті.
Аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев ауданның негізгі бағыты ауылшарушылығынан бастап аудандағы барлық салалар бойынша жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттерге тоқталды.
– Мал шаруашылығы саласында оң динамика қалыптасып, мал басы тұрақты өсіп, өндірілген өнім көлемі артуда. Аудан экономикасының негізі мал шаруашылығы болғандықтан, бұл салаға үлкен көңіл бөлініп келеді.
Ауданымызда тіркелген 464 агроқұрылымда 617 тұрғын жұмыс істейді. Өткен жылы аудандағы ауыл шаруашылық өнімінің жалпы көлемі – 12 145,0 млн теңгені құрады.
Аталған саланың жұмысы жүйелі және нәтижелі болуы үшін барлық бағыттарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар қарастырылған. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қолданыстағы субсидиялау ережесіне сай, бүгінгі таңда мал шаруашылығына 435,8 млн. теңге және ауылшаруашылық техникасымен қондырғыларына инвестициялық субсидияға 162,1 млн. теңгенің өтінімдері берілді.
Мал басын асылдандыру – өнім көлемін ұлғайтуға және тұқымдық сапаны жақсартуға бағытталған шаралардың бірі. Ауданда асыл тұқымды малмен айналысатын 44 шаруашылық бар.
Аталған шаруашылықта 8261 асыл тұқымды МІҚ малы, 3 шаруашылықта 120 бас асыл тұқымды жылқы, 9 шаруашылықта 2327 бас асыл тұқымды қой өсірілуде. Асыл тұқымды МІҚ малының осы шаруашылықтарда 5904 басы Қазақтың ақбас сиыры, 1062 басы абердин ангус, 592 басы герефорд, және «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 165 бас Симентал, 5 бас қара ала сиыр, 48 бас далалық қызыл сиыр тұқымының асыл тұқымды малдары сатып алынды.
Шағын кәсіпкерлік саласын дамыту жаңа жұмыс орындарын ашып, бюджеттік қаржыларды толықтырумен қатар экономиканың одан әрі өсуінің және халықты жұмыспен қамтудың, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартудың негізіне айналып отыр.
Қазіргі таңда аудан бойынша 973 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс жасап, 1320 адам жұмыспен қамтылып отыр.
2023 жылы кәсіпкерлердің жеке инвестициясы арқылы жалпы құны 218,7 млн теңгені құрайтын 15 жоба іске қосылып, 26 адам жұмыспен қамтылды. Өткен жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 21 адамға грант берілді.
2024 жылы «Ауыл аманаты» жобасына аудан бойынша ауылдық округтер өздерінің жүргізген скринингтеріне сай 43 адам 362,96 млн. теңге несиеге ұсыныс беріледі деп жоспарлауда.
Аудан бойынша 2021-2023 жылдары аралығында 45 шаруа қожалығы 66579 га жер телімің мақсатына сай пайдаланылмай отырғаны анықталды.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан осы пайдаланылмай отырған жер телімдері иелеріне түсінік жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 26 шаруа қожалығы 43549 га жер телімін мемлекетке қайтарды, оның ішінде 2023 жылы қайтарылғаны – 9721 гектар. Қайтарылған жер телімінің 7828 га қайтадан айналымға тартылды. 16 шаруа қожалығы мал басын тіркеп 19648 га жер телімін игеруге кірісті. Өткен жылда атқарылған жұмыстардың ауқымы кең болды,- деген аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы аудандағы күрделі салалар құрылыс, мәдениет, білім беру, спорт, әлеуметтік қамту, денсаулық сақтау, жастар саясаты салаларында атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқталып, игі істер жалғасын таба беретіндігін атап өтті.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Меңдешов мәслихат шешімдерінің орындалуы, тұрақты комиссиялардың жұмысы, халық қалаулыларының қоғам өміріндегі рөлі мен игі істері туралы баяндап, өткен жылда аудандық мәслихатта атқарылған ауқымды істерге тоқталды.
Одан соң аудандық коғамдық кеңестің жылдық жұмысын кеңес төрағасы Рамазан Қыдырашев баян етті.
Аудандық «Ерікті мүгедектер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Еркінбек Жәнібеков сөз сөйлеп, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың және аудандық қоғамдық кеңестің өткен жылда атқарған жұмысына оң баға беріп, үстіміздегі жылы аудан көлемінде жүзеге асатын ауқымды шаруаларға жұмыла жұмыстанып, ұйымшылдық танытуға шақырды.