Жаңа басшыны таныстырды

Жаңа басшыны таныстырды

Ағымдағы жылы Қаңтар айының 26 күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында актив жиналысы өтті.  Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев аудан активіне жаңадан тағайындалған аудан әкімі аппаратының басшысы Дат Жәнібековты таныстырды.

 –  Жаңадан тағайындалған аппарат басшысы, өздеріңіздің әріптестеріңіз Дат Болатбекұлын  бәріңіз де жақсы білесіздер. Алғашқы еңбек жолын аудандық мәслихаттан бастады. Мәслихатта және аудан әкімі аппаратында қызмет атқарған кездерінде жас та болса өзінің іскерлігін көрсете білді. Жас кадрларды даярлау мақсатында аппарат басшысын өзіміздің арамыздан тағайындауды шештім. Аппарат басшысы лауазымы өте жауаптылықты қажет ететін қызмет. Аппараттағы көптеген жұмыстар мен міндеттер аппарат басшысының жауапкершілігінде. Жас та болса Дат Болатбекұлы осы жауапты қызметті үлкен жауапкершілікпен атқарады деген сенімдемін.

Әріптестер ауданның әлеуметтік әл-ауқаты мен экономикасын арттыру бағытында баршамыз болып бірлесе, нәтижелі қызмет жасайық, - деп жаңадан тағайындалған аппарат басшысын жаңа лауазымымен құттықтап, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Жиналыс барысында аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлан Меңдешов жаңа аппарат басшысы Дат Жәнібековке жылы лебізін білдіріп, оның қызметтегі іскерлігін мақтан етті. 

Қазір жастарымыздың көпшілігі білек сбана еңбек етуге енжар, ауылдан қалаға жұмыс іздеп кетіп жатады. Даттың елжандылығынан ба, жоғары оқу орнын бітірісімен ауылға келіп елеулі еңбек етіп, өзінің іскерлігін көрсетіп отыр. Биіктерден көріне берсін,  - деді.        

Актив жиналысынан кейін аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы жаңа аппарат басшысын қызмет орнымен таныстырды.

                                 Жаңа тағайындау 

Қаратөбе ауданы әкімінің 2024 жылғы 26 қаңтардағы №13

өкімімен Қаратөбе ауданы әкімі  аппаратының басшысы лауазымына Жәнібеков Дат Болатбекұлы тағайындалды.

        Жәнібеков Дат Болатбекұлы 1995 жылдың 3 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Қаратөбе ауылында дүниеге келген. Білімі - жоғары. 2017 жылы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін аграрлық техника және технология, 2021 жылы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетін құқықтану мамандықтары бойынша бітіріп, 2019 жылы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде экономика ғылымдарының магистрі атанды.

2017 – 2018 жылдары Қаратөбе аудандық мәслихат аппаратының іс қағаз жүргізушісі, 2018-2021 жылдары Қаратөбе аудандық мәслихат аппаратының бас маманы, 2021 жылдан осы кезге дейін Қаратөбе ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Отбасылы, 1 қызы бар.