Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдерімен жүздесіп өткен жылы атқарылған жұмыстарды талқылап, биылғы жылы жүзеге асатын ауқымды жобалар турасында жиын өткізді.
Аталған жиынға аудан әкімінің орынбасары Ж.Сұлтан, аудан әкімі аппаратының басшысы А.Карменов, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге орай аудан әкімінің 2023 жылға арналған жұмыс жоспары және аудан әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық кеңес хаттамаларының орындалуы бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы А.Карменов баяндады.
А.Карменов аудандағы жол құрылысы, ауылдық округтерге қатынайтын жолдарды күтіп ұстау, мал бағымын ұйымдастыру мәселелері, экономика және қаржы, жер қатынастары, ауыл шаруашылығы, мәдениет салалары бойынша атқарылуға тиісті бірқатар жұмыстарды атап өтті.
Кездесу барысында сөз алған аудан басшысы Қ.Сүйеуғалиев аудан көлеміндегі ақауы бар газ құбырларын, электр желілерін жөндеу және ауыл шаруашылығы саласындағы ауқымды жұмыстар мен жаңадан жүзеге асатын құрылыстарға тоқталды. Сонымен қатар, округтерде халық санын тұрақтандыру, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін құру, ұжымдық бау-бақша егу, жаңадан қожалық ашатын тұрғындарға жер беру мәселелерін көтеріп, округ әкімдері мен бөлім басшыларына тапсырмаларын берді.
Әлеуметтік сала бойынша атқарылуға тиіс шараларды атап өткен аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев елді мекендерді абаттандыру, ауылдардың тазалығына баса мән беру қажеттігін атап өтті.
Жиын соңында аудан әкімінің 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.