Қиын да жауапты қызметті абыроймен атқарып келген Ерлан Қалдыбайұлын аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев зейнет жасымен құттықтап, алғысхатын табыстады.
– Еңбек жолыңызды Қаракөл қой совхозында ветеринар инспектордан бастап, дезинфектор, аудандық ветеринариялық станцияда есепші, маман, директор орынбасары қызметтерін абыроймен атқардыңыз.
Қай істің басында болсаңыз да сіз өзіңізді білгір маман, жауапты қызметкер ретінде танытып, іскерлік қабілетіңіз бен тәжірибеңізді ауданымыздың өсіп-өркендеуіне жұмсадыңыз.
Зейнеткерлік 63 жасыңызбен құттықтай отырып, ақ ниетпен мықты денсаулық, қажымас күш-қайрат, ортаймас несібе-дәулет тілеймін.
Ұзақ жылдардағы күрделі де жауапты қызметтің зейнетін көріп, отбасыңыздың қасында бақытты ғұмыр кешуге тілектеспін, - деп иығына шапан жауып, естелік сыйлық табыстады.
Салтанатты жиынды ұйымдастырған аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Азамат Есенаманов әріптесі Ерлан Бердіғалиевті зейнеткерлік жасымен құттықтап, алғысхат және «Ветеринария саласына сіңірген ерен еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.
Жиында әріптесі Ерлан Сүйеуғалиев жылы лебізін білдіріп, қызметтегі біліктілігі, жұмысына жауапкершілігі, мінезінің ұстамдылығы турасында әңгімелеп, отбасына амандық тіледі.
Ерлан Калдыбайұлы 1983 жылы Орал-совхоз техникумын ветеринар мамандығы бойынша бітіріп, алғаш еңбек жолын Қаратөбе аудандық Қаракөл қой совхозында мал дәрігері болып бастаған.
1985-1987 ж.ж. Облыстық ветеринариялық санитарлық отрядында дезинфектор, 1987-1997 ж.ж. «Қаратөбе аудандық газ торабы» мастер, 2001-2011 ж.ж «Ветеринар» ЖШС-де есепші, 2012 жылдың 10 сәуірінен «Аудандық ветеринариялық станциясы» МКК- да ветеринар маман қызметін атқарса, 2022 жылдың 5-ші шілдесінен күні бүгінге дейін «Қаратөбе аудандық ветеринариялық станциясы» МКК директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарып келді.