Жастар арасындағы «Бастаңғы» шарасы

Жастар арасындағы «Бастаңғы» шарасы

25 қазан – Республика күніне орай, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қаратөбе ауылы шетіндегі көкпар алаңында аудан жастары арасында «Бастаңғы» шарасы өтті.

Ата-бабамыздан мұра болып қалған  дәстүрлерімізді жаңғыртып дәріптеу, кеңінен насихаттау, ауыл жастарының басын қосу мақсатында ауыл шетіне ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.

Шарада аудан әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан Сұлтан сөз сөйледі.

 Шараның негізгі бөлімі мәдени демалыс орталығы қыз-жігіттерінің айтысы, сазды әуенге, киіз үйдегі қонаққа табақ тарту салтынан көрініске, қазақтың ұлттық ойындарына ұласты. Жиында қазақтың ұлттық ойынының бір түрі қыз қуудан көрініс көрсетіліп, садақ ату, асық ату, арқан тартыс, аударыспақтан сайыс ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, шара барысында ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге әр округтердің тұрғындары өздерінің мал өнімдерінің түрлерін ауыл халқына қолжетімді бағада ұсынды.