
16 қазан күні аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шафхат Өтемісовтің, Батыс Қазақстан облысы сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақовтың қатысуымен алдағы 5 қарашада ауданда өтетін аудан әкімі сайлауына дайындық барысы пысықталды.
Атаулы жиынға аудандық, аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, төраға орынбасары, хатшысы, учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, аудандық құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Жиында сөз алған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шафхат Өтемісов алдағы аудан әкімі сайлауын үлкен жауапкершілікпен, әділ және заң шеңберінде өткізу қажеттігіне тоқталып, сайлау комиссияларының маңызды саяси науқанды үлкен жауапкершілікпен атқаратындықтарына зор сенім артып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Аталмыш жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан Сұлтан, аудан прокуроры Алмас Таспихов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Алмаз Елбаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бекболат Бердіғалиев, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақытжан Жүсіпқали қарашаның 5-і күні өтетін аудан әкімінің сайлауына дайындық барысы, сайлауды заң шеңберінде өткізуді қамту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың сайлауға қатысуына жағдай жасау, олардың сайлауға қатысуын жан-жақты қамту жұмыстары туралы баяндады.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Б.Жүсіпқалидың айтуынша ауданда 19 сайлау учаскесі жұмыс жасайды. Сайлау учаскелері мектеп ғимараттарында орналасқан. Дауыс беру орындарында сайлаушыларға өз деңгейінде жағдай жасалған.
Жиын барысында сөз алған облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Хамидоллаұлы пилоттық жобада бірінші рет өтетін сайлаудың өзіндік ерекшелігіне тоқталып, негізгі талап сайлауды қатесіз, таза, ашық өткізу екендігін алға тартты.
№277 сайлау комиссиясының төрағасы Б.Ғарапшиев пен Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Б.Муса сайлау барысындағы байқаушылардың жұмысы мен комиссия мүшелерінің санына байланысты сауалдарын қойды. Сауалдарға Ш. Өтемісов тиісті жауаптарын берді.
Жиналыстан соң Ш.Өтемісов пен Ғ.Қапақов Қажым Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясында орналасқан №277 сайлау учаскесінің сайлауға дайындық барысымен танысты.