Көше тойы ұйымдастырылды

Көше тойы ұйымдастырылды

Ауданның 95 жылдық мерейтойына орай Қаратөбе ауылының Бекімов, Нысанов, Молдағұлова және бірнеше көше тұрғындарының ұйымдастыруымен көше мерекесі өтті. Жақсы тілектер айтылып, ән де шырқалған мерекеде ұлттық спорттық ойындарға да кезек берілді.

Көше тойы барысында киіз үй тігіліп, жиналған жұртшылыққа ұлттық сусын көжеден дәм татқызды.

Көше тойына қатысқан ауыл ақсақалдары Сайлау Фазылов, Мәулен Қожахметов, аудан әкімінің міндетін атқарушы Жасұлан Сұлтан бірлігі жарасқан көше тұрғындарын аудан мерейтойымен құттықтап, өнегелі істеріне ризашылығын білдіріп, ауыл халқын бірлікте, татулықта болуға шақырды.

Киіз үй жанына құрылған жазғы сахнада көшенің өнерпаздары әндерін шырқап, көрермендер қошеметіне бөленді. Балалар арасында асық ату, қазақ күресі ойындары ұйымдастырылды.

Сонымен қатар жастар арасында қол күресі, арқан тартыс, ат үстінде аударыспақ жарыстарына қатысқан білекті жігіттер жүлделі орындарды иеленіп, заттай және ақшалай сыйлықтарды иемденді. Көше тұрғындарының ұйымдастыруымен өткен көше тойы жоғары деңгейде өтті.