
Бүгін қаратөбеліктер Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесіне байланысты орталық саябақта орналасқан «Мәңгілік алау» мемориалдық ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Майдан даласынан оралмаған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың жанқиярлық ерліктеріне тағзым етті.
Шарада сөз сөйлеген аудан басшысы Жанат Асылханұлы:
- Сіздерді бүгінгі Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесімен құттықтаймын.
Біздердің бейбіт заманда өмір кешуіміз майданға аттанып, жау соққысына тойтарыс берген ата-әжелеріміздің арқасы деп білеміз.
Жеңіс сыйлаған майдангер батырларымыздың ерлігіне бас иіп, тағзым ету біздердің қасиетті парызымыз болып саналмақ, - деді.
Шарадан соң аудан әкімі Ж.Асантаев, аудандық мәслихат хатшысы Қ.Сүйеуғалиев, аудандық қоғаныс істері бөлімінің басшысы Е.Мұқанов Ұлы Отан соғысының ардагері Құрманғали Ысқақовтың шаңырағында болып, ақсақалды Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады.
Аудандағы жалғыз соғыс ардагері Құрманғали Ысқақовқа Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтың мерекелік құттықтау хатын және аудан әкімдігінің атынан мерекелік қоржынды сыйға тартты.
Жүздесу барысында соғыс ардагеріне мықты денсаулық тілеп, немере-шөберелерінің ортасында аман-есен отыра беруіне тілектестігін білдірді.
Ардагер атамыз арнайы құттықтап келген аудан басшылығына және қаратөбелік азаматтарға алғысын білдіріп, ақ тілегін жолдады.