
10 тамыз күні Қаратөбе ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің ұйымдастыруымен 2023 жылғы күзгі әскерге шақыру науқанын сапалы жүргізу мақсатында Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Төлеповтың төрағалығымен өткен жиында ағымдағы жылдың көктемгі әскерге шақыру науқанында атқарылған жұмыстар туралы айтылып. алдағы күзгі әскерге шақыруды сапалы ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Жиынға Қаратөбе аудандық полиция бөлімінің, аудандық орталықтандырылған аурухананың өкілдері және аудан әкімі аппаратының жауапты мамандары қатысып күн тәртібіндегі мәселелерге орай өз ойларын ортаға салды. Аталмыш іске жауапты ауылдық округтердегі мамандар Zoom қосымшасы арқылы тікелей байланыста болды.
Жиын барысында сөз алған аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының міндетін уақытша атқарушы, сержант Қуаныш Амангелді көктемгі әскерге шақыру жұмыстарының орындалуы, күзгі әскерге шақыру науқанының ұйымдастырылуы туралы сөз етті.
Сонымен қатар, көктемгі әскерге шақыру науқанының сапалы орындалуына өз үлестерін қосқан жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Рафаэль Хайдаровты, Сулыкөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы - Ербол Оразды, Қоскөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы - Біржан Ахметовты алғыс хатпен марапаттады.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұржанұлы әскерге шақыру жұмыстарының өз деңгейінде атқарылу қажеттігін, патриоттық бағытта іс-шаралар кеңінен насихатталуы керектігін атап өтті.