Қаратөбеде ІІ аудандық оқушылар айтысы өтті

Қаратөбеде ІІ аудандық оқушылар айтысы өтті

Қаратөбеде оқушылар арасындағы ІІ аудандық ақындар айтысы өтті. «Жырым саған, Әз-Наурыз» деп аталған шара Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығы мен балалар шығармашылық үйі ұйымдастырды.

Дүбірлі айтысқа 22 балғын ақын қатысты. Мәдени шараны алғы сөзбен аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жасұлан Сұлтан ашып, ақындар айтысына қатысушы жас ақындарға сәттілік тіледі.Сонымен қатар Қаратөбедегі айтыс өнерінің өзіндік мәнін атап өтіп, өңірдегі айтыстың орнына тоқталды.

Жас ақындардың сөз додасына айтыскер ақын Жандос Әмірғали, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Гүлімхан Қалиева, қос «Ақберен» жас ақындар мектебінің түлегі Меңдіқожа Ғабдолов және Ақылбек Амантай төрелік етті.

Байқау қорытындысында Мұхит ЖОББМ-нің атынан қатысқан Досқан Бекболатұлы айтыстың бас жүлдесін жеңіп алып,  оқушылар арасындағы ұйымдастырылған ақындар айтысының екі дүркін жеңімпазы атанды. Аламан айтыста жоғары деңгейде өнер көрсеткен жусандыойлық Диас Пауеденов жүлделі І орынды иемденсе, ІІ орынды Қаратөбе мектеп-гимназия намысын қорғаған Мейірім Азаматқызы еншіледі. Сөз сайысында ІІІ орынға Қаратөбе балалар шығармашылық үйінің атынан қатысқан Құдайберген Жасұланұлы тұрақтады.

Барлық жас ақындар арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.